Астана шаршы алаңындағы боямасыз триллер

2353

"Астана Арландары" үшінші рет WSB жобасы чемпионы атанып, қазақ боксының рухын асқақтатты.

Астана шаршы алаңындағы боямасыз триллер

Бұл өте шиеленісті кездесу болды. "Cuba Domadores" командасы ең үздік боксшыларын әкелді. Ал біздің ұлттық құрамамыз тамыз айының аяғында басталатын әлем чемпионатына дайындалып жатыр. "Астана Арландары" клубының бас бапкері Нұрлан Ақүрпековтің шәкірті Әбілхан Аманқұл ғана жеке жаттықтырушысының сөзін жерге тастамай, қолының жарақатына да қарамай Куба қабыландарына қарсы шықты.

Сөйтіп, ұлттық құрамадан көмек болмады десек те болады. Оны өткен жолы жаздық. Ал "Астана Арландары" сапындағы еліміздің екінші немесе үшінші нөмірлі боксшылары болып саналатын жігіттер қайсарлық пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Олар атақтарынан адам түгілі ат үркетін Куба қабыландарын жеңді.

Финалдық жекпе-жектер біздің елде өтті. Сондықтан біздің бапкерлер тазы болып шалуға да тырысты. Ұйымдастырушы құқығын пайдалана отырып, жекпе-жектерді рет-ретімен өткізбей, сапырылыстырып жіберді. Себебі біздің жігіттер басында жеңе бастаса, Куба жаттықтырушылары наразылық білдіріп, төрешілердің де аяқтан шалуы мүмкін ғой. Бірақ бәрібір төрешілер екі жекпе-жекте күмәнді шешім қабылдап, жеңісті қонақтарға берді.

Жекпе-жектер. 1-бөлім

Әуелі 49 келі салмақ дәрежесіндегі Теміртас Жүсіпов әлем чемпионы Йоанис Аргилагостан басым түсті (3:0). Қарсыласынан бұрын қимылдап отырды. Салмақ өлшеу рәсімінен бастап өз жерімізде жеңіліп қалмауға тырысты. 

Бұдан кейін 56 келідегі Ілияс Сүлейменов Хавьер Ибаньесті жеңді (3:0). Өз сөзімен айтқанда, ринг қожайыны кім екенін көрсетуге тырысты. Аянған да жоқ, ештеңеден тартынған да жоқ.    

Осыдан кейін ортаға 91 келідегі алыптар шығып, Антон Пинчук Эрисланди Савонға есе жіберіп алды (0:3). Шамасы жетіңкіремеді. 64 келідегі Ділмұрат Мижитов те әйгілі қарсыласынан ұтылып қалды (1:2). Энди Круз тәжірибесі мол екендігін көрсете білді.

Бұдан кейін 75 келідегі Әбілхан Аманқұл әлем және Олимпиада чемпионы Арлен Лопеспен айқасты. Бастапқы раундтарда жерлесіміз жеңіп жатқан. Бірақ соңғы раундтарда Куба қыраны қарқынын үдетті. Негізі, екеуі де бір-біріне дес берген жоқ-тын. Ринг қожайыны ретінде жеңісті Әбілханға берер деп үміттендік. Алайда төрешілер қара қылды қақ жарып, тым "әділетті" бола қалыпты. Лопестің атақ-даңқына "нұқсан" келтіргілері келмей, Бостандық аралы боксшысының қолын көтерді (0:3).

Сөйтіп, финалдық жекпе-жектердің бірінші жартысы аяқталып, Куба қабыландары 3:2 есебімен алға шықты. Ал біз тура осындай есеппен "Астана Арландары" басым болады деп күткен едік. Абыржып, дегбірсіздене бастадық...     

Жекпе-жектер. 1-бөлім

Финалдың екінші бөлігін 81 келідегі боксшылар бастады. Арман Рыспек "Cuba Domadores" капитаны Хулио ла Крузбен айқасты. Жекпе-жек басталған бетте Арман Олимпиада чемпионы, әлімнің үш дүркін чемпионы ла Крузді бетінен-басынан ұрып, көрермендердің айызын қандырды. Кубаның әйгілі жұлдызын бұлай ешкім де ұрмаған болар. Бірақ бұдан әрі ол байырғы әдетіне салып, қашқақтап жүріп, жұдырық сілтеп, ұпай жинай бастады. Арасында секең қағып, "билеп" те қояды. Деңгейінің жоғары екендігін көрсетті (0:3).

Бұдан кейін шаршы алаңға "Астана Арландарының" капитаны Олжас Сәттібаев шықты (52 келі). Ол Йосбани Вейтиамен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жекте жерлесіміз ұтылмаған сияқты еді. Бірақ төрешілер жеңісті Куба қабыланына берді (0:3). Бұл біздің жанкүйерлер де, бапкерлер де күтпеген жеңіліс еді. Жалпы есеп 2:5 болды. Ұтылып қалудың азақ алдындамыз. Зәре-құтымыз қашып, үрей билей бастады...

Әрі рингке ең ауыр салмақтағы (+ 91 келі) алыптар шыққан. Көңіл күпті. Олжас Бұқаев өзінен ірілеу Йоандри Тоиракпен айқасты. Бірақ Олжас ер екен. Жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды. Аянған жоқ. Мұрны қанаған, оған да қараған жоқ. Қарсыласын ауыр соққыларымен қаймықтырып, батылдығымен жасқандырды. Көрермендерді дүр сілкіндіріп, көмескі тартқан үміт сәулесін қайта тұтатты (3:0).

60 келідегі Закир Сафиуллин сенімді ақтады. Үш дүркін әлем чемпионы Лазаро Альваресті күмәнсіз жеңді. Бірақ үш рет аузындағы капасы түсіп қалып, екі мәрте ескерту алды. Яғни екі ұпайы шегеріліп тасталды. Осы уайым болды. Әйтсе де, жеңіске жетіп (2:1), жалпы есепті мейілінше қысқартты.

69 келі салмақ дәрежесіндегі Аслан Шымбергенов атақты Куба боксшысымен қалай жұдырықтасу керек екендігін көрсетті. Олимпиада және әлем чемпионы Роньель Иглесиастан үстем түсті. Ара қашықтықты сақтай жүріп, соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отырды. Күмәнсіз жеңіс – 3:0.

Шешуші айқас

Сөйтіп, жалпы есепте таразы басы теңесті. Есеп – 5:5. Енді финалдық кездесу тағдырын алдын-ала белгіленіп қойған қосымша жекпе-жек шешуі керек. Спорт тілімен айтқанда – тай-брейк. Биылғы финалдық кездесуде қосымша жекпе-жек ретінде 52 келі салмақ дәрежесі белгіленген.

Шаршы алаңға Олжас Байниязов пен Фрэнк Залдивар шықты. Көпшілікке беймәлім Олжас бірден қамшыны басты. Айылын жиған жоқ. Ширақ қимылдады. Тыным таппай, қарсыласын төпеледі. Соққыларын дәл тигізе білді. Күмәнсіз жеңіп шықты (2:1).

Сөйтіп, "Астана Арландары" 2:5 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Бокс жанкүйерлерінің жүректерін ауыртып, әбден қобалжытып, қарымды қарсыластарын жеңді. Қазақ жанкүйерлері мамандарын ғана емес, шетелдіктердің өздерін қайран қалдырып, ұмытылмас жеңіске қол жеткізді. Әрі үшінші рет WSB жобасының чемпионы атанды. Құтты болсын, тарихи жеңіс, жерлестер!   

Маруан Түсіп   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу