"Астана" швейцариялық командамен кездеседі

213

Сарапшылар бұл матчтың айқын фавориті "Лозанна" деп отыр.  

"Астана" швейцариялық командамен кездеседі

Бүгін, 7 тамыздан 8 тамызға қараған түні "Астана" Швейцарияның "Лозанна" клубымен Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда кездеседі. Алғашқы матч Лозанна қаласында өтеді және Қазақстан уақыты бойынша 23:15-те басталады.

Айта кетейік, 1 тамыз күні әйгілі әнші Дженнифер Лопес "Астана-Аренада" концерт өткізіп, стадион футболшылар үшін жабық болғандықтан, олар жаттығу жұмыстарын Молдовада өткізген.  

Мұндай жағдайдағы дайындықтың өз әсері болары сөзсіз. Біз қазір Молдоваға барғаннан кейін елге бірден орала алмағанымыз туралы айтып отырмыз. Себебі өз стадионымыз жабық болғандықтан, онда жаттығу өткізу мүмкін болмады. Осыған байланысты клуб басшылығы Молдовада тағы бес күн қалып, дайындықты сол жерде жалғастыру жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім "Зимбрумен" өткен ойынан кейін жүзеге асты.

Алдағы ойынға келсек, біз "Лозаннаның" биылғы барлық матчтарын мұқият қарап, жан-жақты зерттедік. Маусым айының ортасында олар жаңа бас бапкер тағайындаған. Оның командасы қарқынды, жоғары прессингпен ойнайды. Алғашқы минуттардан бастап алаңда қысым жасап, қарсыласқа тыныштық бермейді. Сондықтан бізді өте қиын ойын күтіп тұрғанын жақсы түсінеміз.

Қарсылас құрамында шеберлігі жоғары ойыншылар көп. Олар басынан бастап қысым көрсетуге тырысады. Ал бұл жағдайда қарсылық таныту оңай болмайтыны анық. Жанкүйерлер де өз командасын белсенді қолдайды. Соған қарамастан, біз өз тактикалық жоспарымызды ұстануға тырысамыз. Басты мақсатымыз алаңға шығып, қажетті нәтижеге қол жеткізу, - деді елордалық команданың бас бапкері Григорий Бабаян. 

Естеріңізге сала кетейік, "Астана" жаңа еурокубок маусымын Конференциялар лигасының екінші кезеңінен бастады. Қос кездесудің қорытындысы бойынша елордалық команда Молдованың "Зимбру" клубын 3:1 есебімен жеңді. Ал "Лозанна" осы кезеңде Солтүстік Македонияның "Вардар" командасынан 6:2 есебімен басым түсті.

Айта кету керек, еурокубоктардың үшінші кезеңіне Қазақстаннан тағы бір клуб – Алматының "Қайраты" өтті. Қазір ол Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу