"Астана" Премьер-лиганың 10-турында қызылордалық "Қайсарды" жеңді. Ойын Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 1-0 есебімен аяқталды. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды Жарко Томашевич соқты. Бұрыштамадан асырылған допты Сотириу қақпаға дәл бағыттаған еді, Заруцкий өз орнынан табылды. Томашевичтің екінші қайтара жасаған соққысы голға айналды.
Жеңіске жеткен "Астана" 18 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Соңғы минуттарда гол жіберіп алған "Қайсар" 14 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады.
Талдықорғандық "Жетісу" Премьер-лиганың 10-турында қарағандылық "Шахтерден" басым түсті. Сегізбаев атындағы стадионда өткен кездесу 3:2 есебімен аяқталды. Матчтың есебін 25-минутта "Шахтер" ойыншысы Руслан Мингазов ашты. 53-минутта Ламанж командасының екінші голын соқты. 70-минутта Айбар Жақсылықов есепті қысқартты да, 83-минутта дубль жасап, таразы басын теңестірді. Араға бір минут салып Эуженио жеңіс голын соғып кетті. Осылайша, камбэк жасаған Дмитрий Огай шәкірттері 16 ұпаймен төртінші орынға көтерілсе, қарағандылық команда 12 ұпаймен жетінші орында тұр.
Шымкенттік "Ордабасы" петропавлдық "Қызылжарды" минималды есеппен жеңді. Кездесу Талғардағы Ұлттық құраманың базасында өтіп, 1-0 есебімен аяқталды. Ойын тағдырын 72-минутта салынған Жоао Паулоның голы шешіп кетті. Тоқтар Жаңғылышбай нәтижелі пастың авторы атанды. Жоао Пауло қатарынан 7-ші матчында гол соғып, үздік сұрмергендер кестесінде жеке-дара көш бастады. Үш ұпайға қол жеткізген "Ордабасы" 17 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. "Қызылжар" 7 ұпаймен тоғызыншы орында қалды.
Ермұхамед Мәулен