Астана соты Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстауды төртінші рет ұзартты

1480

ҚР бұрынғы ұлттық экономика министрі осы жылдың 10 шілдесіне дейін қамауда болады.

Астана соты Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстауды төртінші рет ұзартты

"Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімін тағы да 2017 жылдың 10 шілдесіне дейін ұзартты", – деп хабарлады Астана қаласы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР бұрынғы ұлттық экономика министрі, "Бәйтерек" ҰБХ-ны басқарған Қуандық Бишімбаевқа миллиард теңгені ұрлады деп айып тағуда. 

"Бәйтерек" ҰБХ-ты басқарған Қуандық Бишімбаев Қызылордада шыны өндіру мен өңдеу зауытын салу барысында "Orda Glass" ЖШС компаниясы мен оның мердігер компаниясы  "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы  миллиард теңгені жымқыру жөнінде қылмыстық жоспар құрған.  

Қылмыстық жоспарға аталған ұйымдардың басшылары Д.Ибрашев. Ж.Исабек және М.Қожабаев тартылған", – деп мекеменің бұған дейін таратқан ақпаратында көрсетілген. 

Тергеу барысында белгілі болғандай, ұрланған ақша "Құрылыс металқұрылғылары зауыты" ЖШС  үлестес компания арқылы жұмыскерлердің тамағы мен жатын орны үшін төленді деп алынып отырған.

"Аталған сомадан Қуандық Бишімбаев делдал болған өзінің немере ағасы С.Нұрлыбек арқылы екі миллион доллар алған. Ж.Исабек, М.Қожабаев және С.Нұрлыбекке қатысты сот қамауға алу жазасын белгіледі. Д.Ибрашевтің кінәсін мойындап, тергеуге көмек көрсеткені ескеріліп, оны үй қамауына қалдыру туралы шешім қабылданды", – делінген Ұлттық бюроның мәлімдемесінде. Еске сала кетсек, "Бәйтерек" ҰБХ-дағы сыбайлас жемқорлық жанжалы қараша айында басталған болатын. Ол кезде "Байтерек Development" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Аслан Жақыпов, МЖӘ дирекциясы департаментінің басшысы Бауыржан Айтымбетов, бұрынғы басқарушы директорлар Дильрух Анарбай мен Ғазиз Сариев, сондай-ақ сол кезде ҚР ҰЭМ жанындағы "Қазақстан ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы" АҚ басшысы лауазымын иеленіп отырған "Байтерек Development" АҚ-ның бұрынғы басшысы Бақыт Жақсыбаев тұтқындалған еді. Оларға "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлердегі жалдамалы баспана салуда қызметтерді сатып алу кезінде мүдделерін қолдағаны үшін құрылыс компанияларынан пара алды деген айып тағылды.

Кейінірек, 12 қаңтарда, алдын-ала сөз байласып ірі көлемде бірнеше рет пара алды деген күдікпен Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамауға алынды.

Гүлназ Ермағанбетова,  Дана Әлім

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу