Қымбат легионерлерді алып, миллиардтаған бюджетті игеріп жатқан "Астана" өлместің күнін көріп жүрген "Ақжайықтан" жеңіледі деп кім ойлаған. Әлбетте, футболда жасыл алаңдағы жағдай шешетіні анық. Бұл матчтың нәтижесін бәлкім көп жанкүйер сенсация деп айтпауы да мүмкін. Себебі, "Астана" соңғы кездері қарық қылып жүргені шамалы. Жаңа бапкер келіп команда ойынын өзгертіп жатыр. Алған ойыншылары көрермен көңілінен шығатындай ойнап жатқан да жоқ. Соның салдарынан "Ақжайық" салған 1 гол матч тағдырына нүкте қойды. Оралдың командасы 3 ұпай еншілеп, жеңісті жолын жалғады. Ал "Астана" бапкерлік штабына күндіз-түні жұмыс істеу керек болып тұр. Әйтпесе, фанаттар тарапы мына жағдайға риза еместігі анық.
Ақтаулық "Каспий" жарап тұр. Өз алаңында қарсылас біткенді жайпап жіберетінді шығарыпты. Бұл жолы маңғыстаулық команда "Атыраудан" басм түсті. Талдықорғаннан келген Аслан Әділ есімді жас шабуылшы есеп ашты. Алайда, "Атырау" Матео Биссидің арқасында таразы басын теңестірді. Ойын 1:1 нәтижесімен аяқталатын болды деп отырған тұста алаңға алмасып шыққан Алмас Әрменов гол салып кетті. Осы голдың арқасында "Каспий" 13 ұпаймен турнирлік кестенің көш басына қайта шықты.
"Қызылжар" мен "Ақтөбе" арасындағы матч "Астана Аренада" өтті. Қаптаған легионерлердің ойынында іліп алар мүмкіндіктер бола қоймады. Тек матчтың соңына таман футболшылар қызбалыққа салынып, жаңа жыртысты. Дарко Зорич бұрыштама кезінде баспен гол салып, алаң иелерін алға шығарды. Ал екінші таймда Самородовтың еңбегімен "Ақтөбе" пенальти тебу құқығына ие болды. Оны Уго Видеомон голға айналдырды. Сосын, артынша "Қызылжар" қорғаушысы өз алаңында қолмен ойнады. Тағы да пенальти! "Ақтөбе" алға шығып кететін мүмкіндік алды. Бірақ, француз Видеомонт екінші 11-метрлікті дұрыс тебе алмады. "Қызылжар" жеңілістен аман қалды.
"Тұран" мен "Ордабасы" командалары арасындағы ойын қызықты жағдайда өтті. Бір облыстың командалары арасындағы дерби матчта "Тұран" 10 ойыншымен жүріп толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Толық құраммен ойнағанда бәлкім Түркістанның командасы басым түсер ме еді? Жанкүйерлер бұл ойында гол тамашалай алмай, билет сатып алған ақшаларының ақталмағанына қынжылып кетті.
"Тобыл" мен "Қайраттың" матчы турдың негізгі тартысы еді. Қостанайлық команда бұрыштама кезінде қақпасын аман сақтап қала алмады. Хосе Канте баспен гол салды. Артынша "Қайрат" қақпасына пенальти белгіленді. Зоран Тошичті айып алаңының ішінде дәл сол Хосе Канте шалып жықты. Алайда, Асхат Тағыбергеннің соққысын жас қақпашы Устименко қайтарып жіберді. Сосын Тағыберген тағы пас беріп, Сергей Малый баспен гол салды. Екінші таймда Зоран Тошич тағы бір стандарт жағдайды голға айналдырды. Айып добын ғаламат шеберлікпен орындаған сербиялық футболшы қазақ футболшыларына допты қалай тебу қажеттігін көрсетті. Ойынның соңғы секундында тағы бір айып добы белгіленді. 99 минутта орын алған бұл оқиға матчтың нүктесін қойды. Әуелеген пасқа бірінші жеткен Владислав Васильев өз қақпасына гол салып жіберді. Қорытынды есеп 2:2.
Енді 6-турдың 2 ойналмаған 2 матчы қалды. "Тараз" өз алаңында тегеурінді "Шахтерді" қабылдаса, көрер көзге сүйкімді ойыны жоқ "Мақтаарал" "Ақсумен" кездеседі.
Ермұхамед Мәулен