"Астана" "тойып" сүрінсе, "Қайрат" "тоңып" сүрінеді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2686

Қазақстан премьер-лигасында бірінші айналым мәресіне жетіп, командалар дәл қазіргі таңдағы шама-шарықтарына қарай сап түзеді.

"Астана" "тойып" сүрінсе, "Қайрат" "тоңып" сүрінеді Фото: fcastana.kz

Қазақстан чемпионатында бірінші айналымның ойындары аяқталды. Кейбір командалар, дәлірек айтқанда, жазда Еуролига додаларында бақ сынайтын клубтарымыз екінші айналымдағы кейбір матчтарын мерзімінен бұрын өткізді. Ол түсінікті, Еурокубок додалары басталғанда, ойыншыларына көп жүктеме түсірмес үшін, алдын-ала – қам жасағандары.

Бірінші айналымды қорытындылайтын болсақ, көш басында – "Астана". Өзге командаларға қарағанда екі ойын артық өткізіп, соның арқасында бірінші орында тұр. Бірақ бес дүркін ел чемпионы бірінші айналымда екі түрлі ойға шомдырды. Мәселен, басты бәсекелестерін аса қиналмай ұтып, аутсайдерлерден ұтылды...

Егер "Астана" соңғы турларда аутсайдерлерден ұтылмаса, онда 37 ұпаймен екінші орындағы командадан 14 ұпай озып кетер еді. Ал бұл шектен тыс үлкен алшақтық болар еді. Онда әлден-ақ биыл қай команданың чемпион болатындығына шүбә келтірмес те ме едік. Алайда іс жүзінде бәрі де басқаша болып шықты.

"Астана" өз алаңында "Ертіс" пен "Шахтерден", ал түзде "Тараздан" ұтылып қалды. Осылай, ел чемпионатының қызығы мен шыжығы басылмай, сақталып қалды. Елорда клубының ойыншылары спорттық баптарын жоғалтып алып, бұл ұжым шынымен де тоқырауға ұшырады ма, жоқ әлде арттарына "қарайлағандары" ма, ажырату қиын...

Сөйтіп, еліміздің бес дүркін чемпионы бірінші айналымда үш рет ұтылып, өз қақпасына 10 гол (!) жіберіп алып, жанкүйерлерін біраз қобалжытты. Әйтсе де, басты бәсекелестерін өзіне тым жақындатпай, көш бастап тұр. Бәрі де – назарында. Ал негізгі бәсекелесі, яғни Алматының "Қайраты" биыл өзінен-өзі сүрініп, үздік үштіктен де тыс қалды.

Жасырып не керек, "Қайраттың" 31 жастағы жас бапкері Алексей Шпилевский шежіресі мол команданы өз жүрісі мен ойынынан жаңылдырып, деңгейін әжептәуір түсіріп алды. Мұны Беларусь маманының өзі және оның анасы һәм агенті Елена Шпилевская ғана мойындамайды. Ал клуб басшысы әлі де әліптің атын бағып, бәріне шыдап отыр... 

Алматылықтыр өзге командалардан бір ойын артық өткізсе де, 5-орынға әупіріммен көтерілді. Егер ХХ турдағы ойынын мерзімінен бұрын өткізбесе, алтылыққа да іліге алмас еді. Бұлай дейтін себебіміз, "Қайрат" 24 сәуірде екінші айналымдағы бір ойынын ертерек өткізіп, "Атырауды" 2:0 есебімен жеңді. Осы үш ұпайы болмағанда, дәл қазір "Шахтердан" да төмен тұрар еді...

Басқа командалардың қазіргі жағдайларына атүсті тоқталар болсақ, соңғы ойындардағы "Қайсардың" қарқыны – адам қызығарлықтай. Қызылорда клубы соңғы бес турда үй демей, түз демей қарсыластарын қоғадай жапырып, 2-орыннан бір-ақ шықты. Бұл ұжым соңғы жылдары құрамын көп өзгертпей, тұрақтылықа қол жеткізе бастады.

"Тобыл" әлі көсіле сілтей қойған жоқ. Күш-жігерін өлшеп, жұмсап келе ме, әлде ойын өрнектерінің бір қайнау ішінде ме, түсіну қиын. Ал "Ордабасы клубы өз әлеуетін толықтай жүзеге асыра алмай жүр десек, еш қателеспейміз. Бір көңіл аударарлығы, қорғанысының топсасы – берік. 11 ойында төрт-ақ гол жіберді. Ал шабуылшылары...

"Жетісу" соңғы екі турда кібіртіктеп, бір-ақ ұпай еншіледі. Әйтпесе, аяқ алысы жаман емес сияқты еді. Ал "Шахтер" керісінше, соңғы турларда қамшыны басып, тіпті "Астананы" да жеңіп кетіп, жағдайын біршама түзеп алды. Бұл екі команда өз деңгейлерінде өнер көрсетіп жүргендей. Барлары да, шамалары да – осы.

"Оқжетпес" жанкештіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Материалдық жағдайы біраз клубпен салыстыруға келмесе де, аутсайдерге айналмай, нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп жүр. "Тараз" да намысты қолдан бермеуге тырысып келеді. Ал "Ертіс" пен "Атырау" – сөз жоқ, "Қайрат" секілді, кежегелері кейін тартып жүрген командалар. Дәл қазіргі тұрған орындары өз деңгейлеріне сәйкес емес.

Көш соңында – "Ақтөбе". Былтырдан бері басынан дау кетпей, бағы тайып, бұрынғы қарыздарынан құтыла алмай жүр. Соның кесірінен ел чемпионаты басталмай жатып, 12 ұпайы шегерілді. Құрамына деңгейі жоғары ойыншыларды тарта алмайды да. Есесіне, Абат Айымбетов сияқты жігіттерімізге өз мүмкіндіктерін паш етуге тамаша мүмкіндік туды.

Қазақстан премьер-лигасындағы бірінші айналымнан кейінгі жағдай – осындай. Екінші айналымда бірнеше команданың маусым басындағы қателіктері мен кемшіліктерін түзеуге тырысарлары анық. Еуролига додалары басталған соң, "Астана", "Қайрат", "Тобыл" және "Ордабасы" клубтарына екі "майданда" додаға түсу оңай болмайды. Ендеше, қызықтың бәрі – алда әлі.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу