Елорданың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлу – мемлекеттік маңыздағы іс

1455

Туризм және саяхаттар жөніндегі дүниежүзілік кеңес Қазақстанның бас қаласын "туристер үшін ең қауіпсіз бүкіл әлемдегі 100 орын" тізіміне қосып қойды. 

Елорданың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлу – мемлекеттік маңыздағы іс Фото: inbusiness.kz

Бірақ елорда тұрғындары мен қала қонақтары өздерін көшеде қауіпсіз сезіну үшін бұл бағытта ары қарай пәрменді шаралар қабылданып, жеткен жетістіктер тек нығайтыла бергені жөн.

Фото: inbusiness.kz

Мысалы, Ішкі істер министрлігінің байламынша, Астанада қылмыстар ішінде алғашқы орында – ұрлық тұрған көрінеді. Атап айтқанда, әсіресе, 10 мың тұрғынға шаққанда ұялы телефон ұрлығының жоғары үлес салмағы елордаға тиесілі. Мұны Астана қаласының Полиция департаменті де растады: қылмыстардың басым бөлігі мобильді телефон ұрлығымен байланысты болып тұр.

Мысалы, кеше кешке белгілі болғанындай, астаналық жігіт ұялы телефон сататын дүкен ашуды ұсынып, азаматтарды алдап соққан. Қазіргі уақытта полицияға 13-ке жуық жәбірленуші азамат өтініш білдірді, бірақ зардап шеккендер саны одан көп болуы мүмкін.

"Кәсіпкер өз таныстарының сеніміне кіріп, оларға БАӘ-ден ұялы телефондар тасып, оларды сататын дүкен ашу идеясын ұсынып, осы іске ақша салуды ұсынған. Сөйтіп, әр инвестор 1 миллион теңгеден көп ақша құйыпты. Мәселен, "Сарыарқа" ауданының Полиция басқармасына жүгінген қала тұрғыны танысының оған мол пайда табу үшін ақшасын "инвестициялауды" ұсынғанын хабарлады. Осылайша, ол 6 млн 400 мың теңге сомасынан айырылған. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қаскүнем алған ақшаны жұмсап қойған", – деп түсіндірді елордалық Полиция департаментінің мамандары.

Қылмыстық іс аясында 22 жастағы күдікті табылды, ол қылмыс жасағанын мойындады. Енді оның елорда аумағында бұрын жасалған ұқсас фактілерге қатысының бар-жоғы анықталуда.

Ұялы телефонға қатысты тонау мен қарақшылық оқиғалары кездеседі. Елорда тұрғыны жаңа ғана танысқан ер адамды ұрып-соғып, ұялы телефонын тартып алған. Зәбір көрген 36 жастағы қала тұрғынының әңгімелеуінше, ол түнде өз үйінің ауласында бейтаныс жігітпен танысып, бірге ішімдік ішкен. Оның барысында араларында жанжал туындап, жігіт ер адамды ұра бастаған. Содан кейін ол жәбірленушінің "Samsung J3" маркалы ұялы телефонын тартып алады, сонымен бірге спорттық күртешесін, смарт-сағатын шешіп алып, белгісіз бағытқа қашып кеткен.

Айта кеткен жөн, мұндай жағдайға қатысты елордалық полицияда іс-қимыл алгоритмі түзілген. Содан қылмыскердің орналасқан жерін анықтауға дереу полицияның жеке құрамы бағытталды. Сонымен бірге күдіктіні сипаттайтын егжей-тегжейлі бағдар жасалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарыарқа ауданының полиция қызметкерлері қаскөйді "ізін суытпай" ұстады. Ол 25 жастағы жігіт болып шықты және қылмысын мойындады. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің "Тонау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал полиция қызметкерлері ұрланған заттары мен ұялы телефонын иесіне қайтарып берді.

Мұның бәрі таяуда ғана болған оқиғалар. Тағы бір мысал: астаналық бойжеткен өзінің жаңа танысының телефонын жымқырып, қонақүйден тайып тұрған. "Есіл" ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу арқылы ұрлық жасады деген күдікпен елорданың 21 жастағы тұрғынын анықтады.

"Тергеу барысында белгілі болғанындай, жас қыз елордалық түнгі клубтардың бірінде ер адаммен танысқан. Таңға қарай олар таныстығын әрі қарай жалғастыру үшін қонақүйге бірге барып, сол жерде ішімдік ішкен. Ер адам ұйықтап жатқанда, қыз құны 300 мың теңге  тұратын смартфонын сымсыз құлаққабымен бірге ұрлап кетеді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған қыз мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы тексерілуде", – деп хабарлады Полиция департаменті.

Фото: inbusiness.kz

Сондықтан Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға біріншіден, қырағы болуға, бейтаныс адамдарға құлай сенбеуге және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Екіншіден, бейтаныс адамдардың ортасында қымбат гаджеттерді, бағалы смартфондарды паш етіп, мақтанбауға шақырады.

Адамдардың бейғамдығы да елордада ұрлықтың белең алуына соқтыратын бір фактор саналады.

Үшіншіден, ұялы телефоныңызды жоғалтсаңыз, ұрлатсаңыз немесе біреу тартып алса, дереу полицияға хабарлау қажет. Осы мысалдар көрсеткендей, елордалық тәртіп сақшылары зардап шеккендер жете танымайтын адамдарды да таба алды.

Бас қалада тұрғындарға бағдарланған моделді енгізу аясында қолға алынған жаңашылдықтарды, цифрландыруды, бюрократиядан арылу мен ақпараттық сервистерді, сондай-ақ Астана қаласының Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының жабдықталуын Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жоғары бағалады. Бұл жөнінен елорда өңірлерге үлгі.

Полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану – қылмыстардың алдын алу және оларды жедел ашу үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

Сонымен қатар елордада есірткінің заңсыз жарнамасын анықтауға және жедел жоюға мүмкіндік беретін “Антинарко-граффити” жаңа қосымшасы енгізіліп жатыр. “Қауіпсіз үй” жобасы тұрғындарды өздерінің учаскелік инспекторымен бірлесе қимылдап, құқыққа қайшы әрекеттер туралы уақытында хабарлауға ынталандырады.

Учаскелік инспекторлардың ақпараттық тақталары жетілдірілді, енді онда QR код бар. Соны сканерлеу арқылы адам мәселе туралы оңай хабарлай алады, учаскелік инспекторлармен жедел байланысқа шығады.

Астанада полиция қызметін цифрландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге "қорғау ұйғарымдарын" шығару цифрландырылады: оны астаналықтарға eGov.kz пайдаланушыларының жеке кабинетіне жөнелту, олардың сақталуын тексеруді автоматтандыру ұсынылып отыр.

Маңыздысы сол, астаналықтардың көбі қауіпсіздікке баса көңіл бөліп, өздері куә болған құқық бұзушылыққа бей-жай қарамайды. 2022 жыл қорытындысында, елордада полицияның “102” арнасына 700 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Оның ішінде 500 мыңға жуық өтініш полицияның жедел ден қоюын талап етті және олар бойынша полицияның кешенді күштері жедел жұмыс атқарды. 

Астана тұрғындары мен қонақтары “Рolice 102” мобильді қосымшасы арқылы да полицияға хабарласа алады. Аталған жоба аясында бір жылда 4 399 өтініш қабылданды, оның ішінде 162 бейне-қоңырау және 4237 мәтіндік хабарлама болды.

Негізгі, келіп түскен қоңыраулар тыныштықты бұзу, қоқысты белгіленбеген орынға төгу, жол қозғалысы ережелерін бұзу сияқты әкімшілік құқықбұзушылықтармен байланысты.

Ұялы немесе өзге де байланыс болмаған жағдайларда полицияны шұғыл шақыру мүмкіндігі болуы үшін елорданың әр тұсында “SOS дабыл батырмасы” орнатылуда. Қала көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда 15 арнайы құрылғы орнатылған. Жоба басталғаннан бері олардан 70-тен астам дабыл түскен.

Фото: inbusiness.kz

Астана – Қазақстандағы көше бейнекамераларымен барынша жабдықталған қала саналады. 29 мыңнан астам бақылау камерасы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығарылды. 2022 жылы бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері 3 233 қылмысты ашты. Соның ішінде 4 кісі өлтіру, 2 қарақшылық шабуыл, 127 тонау, 2500-ден астам жеке мүлікті ұрлау әшкереленді. Бұған қоса, олардың арқасында 30 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

Осының бәрі Қазақстанның беткеұстары саналатын Астананың әр адам үшін қолайлы әрі қауіпсіз қала болуына қызмет етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу