"Астана" велокомандасы халықаралық жарыстарда өнер көрсетуде

1495

25 наурыз күні өткен үш веложарыста да елордалық команда шабандоздары жүлдегерлер қатарына іліге алмады.

"Астана" велокомандасы халықаралық жарыстарда өнер көрсетуде

25 наурызда "Халықаралық Коппи және Бартали апталығы" көпкүндік велододасының төртінші кезеңі өтті. Жарыс күнінің қортындысы бойынша Alpecin-Fenix ​​командасының голландиялық велошабандозы Матье Ван дер Пул жеңіп алды. "INEOS Grenadiers" өкілі британиялық Итан Хэйтер мәреге екінші болып келсе, үшінші орын "Bingoal Pauwels Sauces WB" командасының Реми Мерцке бұйырды.

Елордалық велокоманда сапынан Харольд Мартин Лопес мәреге 20-шы, Винченцо Нибали – 28, Хуан Карлос Лопес – 31, Антонио Нибали – 100, Нұрберген Нұрлыхасым – 106-шы келді. Ал Джанмарко Гарофоли жарыс жолына шыққан жоқ.

Сонымен қатар ұзақтығы 206,3 шақырымды құрайтын "Каталония Вуэльтасы" веложарысының бесінші кезеңі аяқталды. Мәре сызығын бірінші болып "Quick-Step Alpha Vinyl" командасынан Этан Вернон кесті. Екінші орынға "Bahrain-Victorious" командасынан Фил Баухаус жайғасса, "AG2R Citroën" өкілі француз Дориан Годон үшінші орынға жайғасты.

"Астана" шабандоздары арасынан кезеңді 17-ші болып аяқтаған Александр Рябушенко үздік нәтиже көрсетті. Вадим Пронский – 35, Себастьян Хенао – 81, Джо Домбровски – 87, Симоне Веласко – 90, Хавьер Ромо – 91, Валерио Конти – 115-ші болып жарысты аяқтады.

Ал Бельгия жолдарында жыл сайынғы классикалық бір күндік веложарыс – "E3 Саксо Банк Классик" жарысы өтті. Бірінші және екінші орындар "Jumbo-Visma" командасының шабандоздары бельгиялық Воут Ван Арт пен француз Кристоф Лапортқа бұйырды. Ал швейцариялық Стефан Кунг үшінші орынға ие болды.

Жарыс жолының ұзақтығы 203.9 шақырымды құраған велододада "Астана" командасынан Фабио Феллине 45-ші, Мишель Газзоли 76-шы, Артём Захаров 86-шы, Леонардо Бассо 105-ші болып мәреге жетті. Өкінішке орай Джанни Москон, Давиде Мартинелли және Мануэле Боаро жарысты аяқтай алмады.

"E3 Саксо Банк Классик"
Harelbeke — Harelbeke. 203.9 шақырым

1. Ваута Ван Арт (Бельгия, "Jumbo-Visma") — 4:36:19
2. Кристоф Лапорт (Франция, "Jumbo-Visma")
3. Штефан Кюнг (Швейцария, "Groupama-FDJ") — +1:35

45. Фабио Феллине (Италия, "Астана") — +6:00
76. Микеле Гадзоли (Италия, "Астана") — +12:28
86. Артём Захаров (Қазақстан, "Астана")
105. Леонардо Бассо (Италия, "Астана").  

Енді "Астананың" жеті шабандозы 27-наурыз күні "Гент-Вевельгем" жарысына қатысуға дайындалуда. Бұл жыл сайын ұйымдастырылатын классикалық біркүндік. Ол Бельгияның Фландрия аймағындағы Генттен Вевельгемге дейін Әлемдік Тур аясында өтетін сайыс. Бұл дода 1934 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылуда.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу