"Астана" велокомандасы қатысатын жарыстар белгілі болды

2052

​"Астана" велоклубы қайтадан жанданғалы жатқан жарыстарға дайындығын бастады.

"Астана" велокомандасы қатысатын жарыстар белгілі болды

Халықаралық велошабандоздар одағы коронавирустың кесірінен тоқтап қалған жарыстарды қайта жалғастыратынын мәлімдеді. Соған байланысты "Астана" велокомандасы да дайындықты пысықтамақ. Сондықтан да, шілде айында шабандоздар екіге бөлініп оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.

"Вирустың беті қайтып, жаттығу жұмыстарын бастадық. Барлығы осылай жалғаса берсе халықаралық жарыстар қайтадан жалғасын табады. Шабандоздарымыз додаларды сағынып қалғаны анық. Тезірек тартысқа түсіп, тас жолдың құмарын сезінбекші. Сондықтан біз Испания мен Италияда екі бірдей жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отырмыз", деді клубтың бас менеджері Александр Винокуров.

Испанияда тұратын шабандоздар мен Колумбиядан келетін спортшылардың барлығы Испанияның Сьерра-Невада қаласына жиналады. Ал қалған шабандоздар Италияның Доломита деген жерінде бас қосады.

2020 жылдың екінші жартысы "Бургос вуэльтасы" жарысымен басталады. 28 шілде мен 1 тамыз арасында өтетін осы жарысқа "Астана" мықты құраммен шығады. Сосын, Италияда өтетін "Страде Бьянка", "Милан-Турин", "Милан-Сан-Ремо" жарыстарына қатысып болған соң, "Польша турына" аттанады.

"Клуб шабандоздарының басым бөлігі Еуропада болғаны қуантады. Ал қазақстандық шабандоздардан тек Дмитрий Груздев пен Артем Захаров қана елде жүр. Олар халықаралық рейстер ашылған кезде Еуропаға келе бастайды. Ал Колумбияда қалып қойған жігіттер чартерлік ұшақпен келетін болды. Сондықтан біз біраз жарыстарға "қатысамыз" деп уәде бердік", дейді клуб спорт менеджері Дмитрий Фофанов.

"Астана" Про Тим ұжымы биыл колумбиялық велошабандоз Мигель Анхель Лопеске сенім артуды жөн санады. Ол 29 тамыз – 20 қыркүйек аралығында өтетін "Тур де Франс" көпкүндігіне қатысқалы отыр. Команда капитаны Лопестің қасында қазақстандық Алексей Луценко да болады. Ал 3-25 қазан күндері өтетін "Джирро Д`Италия" гранд-турында Якоб Фульсанг "Астана" капитаны қызметін атқармақ.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу