XDS Astana Team командасы Малайзиядағы көпкүндік "Лангкави Туры" веложарысын жеңіспен бастады. Алғашқы кезең Лангкавидегі Куах қаласында өтті. Онда Маттео Малучелли жаппай спринтте мықтылығын көрсетті.
Кезең қорытындысы бойынша Малучелли жалпы классификацияда көшбасшылыққа шығып, сондай-ақ көпкүндіктің үздік спринтері жейдесін иеленді.
"Бүгін команда өте жақсы жұмыс істеді. Жігіттер жарыс басталар алдындағы жоспарымыздың бәрін жасады. Сол үшін әрқайсысына алғыс айтамын. Финалдық бөлікте Лев Гонов пен Аарон Гейт мені алға сүйреп, мәреге 500 метр қалғанда Кристоффтың жанына жеткізіп қойды. Соңғы 300 метрде шабуылды күшейттім. Нәтижесінде жеңіске жеттім. Ертең көшбасшы жейдесін киетінім анық. Бұл маған спринтте қосымша мотивация береді. Біздің команда жарысты бақылауға тиіс болады. Біз дайынбыз. Жарысты жеңіспен бастау керемет әсер сыйлады. Бірақ, мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Алда әлі талай кезең бар, солардың әрқайсысында жеңіс үшін таласқым келеді. Команда дайын, біз міндетті түрде соңына дейін күресеміз", – деді Маттео Малучелли.
"Лангкави Турында" Маттео Малучеллимен қатар Аарон Гейт, Николя Винокуров, Антон Кузьмин және XDS Astana Team велошабандоздары Лев Гонов пен кіші Александр Винокуров та өнер көрсетуде.
Бүгін 28 қыркүйек басталған жарыс 5 қарашаға дейін жалғасады.