Астана велошабандозы "Тур де Франста" жүлдегер атанды

590

"Тур де Франс"-тың соңғы кезеңінде Давиде Баллерини жүлдеге ілікті.

Астана велошабандозы "Тур де Франста" жүлдегер атанды

Франция астанасы Парижде мәресіне жеткен әйгілі "Тур де Франс" көпкүндігінің шешуші, 21-кезеңінде XDS Astana Team командасының өкілі Давиде Баллерини тамаша нәтиже көрсетіп, жүлделі екінші орынды иеленді.

Монмартр асуында басталған шешуші шабуыл кезінде алдыңғы қатардан көрінген италиялық велошабандоз соңына дейін табандылық танытып, жүлде үшін күресте топ жарды. Белгиялық Ваут Ван Арт шешуші сәтте шабуылға шығып, кезең жеңімпазы атанса, Баллерини спринтте мықтылық танытып, екінші болып мәре сызығын кесті.

"Қазір ойым екіұшты. Бір жағынан барымды салдым, бар күшімді арнадым. Екінші жағынан жеңіске бір табан жақын едім. Бүгін өзімді өте жақсы сезіндім, аяқтариф тың болды, ойым да, денем де күреске дайын еді. Шешуші шабуылдар басталғанда алда келе жатқаным қуантты. Дегенмен Ван Арттың соңғы шабуылына қарсы тұруға шамам келмеді. Қолдан келгеннің бәрін істедім. Бүгін жеңіс расымен де ең мықтының еншісінде кетті. Жалпы алғанда, бұл "Тур" мен күткендей өтпеді. Алғашқы кезеңдерде алған жарақат ұзақ уақыт бойы өз әсерін тигізді. Бірақ соңғы кезеңдерде қатарға қосылып, жүлделі орындар үшін күресе алғаныма қуаныштымын. Бүгінгі күн мен үшін ерекше. Алда болып, жеңіске таласу, подиумға көтерілу – нағыз  қуаныш", – деді Давиде Баллерини жарыстан кейін.

Ал дәл осы кезеңде XDS Astana Team сапындағы тағы бір тәжірибелі спортшы Майк Тёниссен мәре сызығын тоғызыншы болып кесті.

Сонымен қатар, колумбиялық Серхио Игита "Тур де Франс" көпкүндігінің жалпы есеп қорытындысы бойынша 14-орынға ие болып, команданың үмітін ақтады.

Айта кетейік, словениялық велошабандоз Тадей Погачар 2025 жылғы “Тур де Франс” жарысында жалпы есепте жеңіске жетіп, өзінің төртінші сары жейдесін жеңіп алды. Бұл нәтижемен ол велоспорт тарихындағы ең мықты шабандоздардың бірі ретінде өз орнын нықтады. 
Погачар жарыс бойы өз артықшылығын нақты көрсетті. Жарысты ол 76 сағат 00 минут 32 секунд уақытпен аяқтады. Жалпы есепте екінші орынды даниялық Йонас Вингегаард иеленсе, үшінші орынға германиялық Флориан Липовиц тұрақтады. Липовиц сонымен қатар жарыстың ең үздік жас шабандозы ретінде танылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу