"Астана" жеке-дара көш бастады

1423

Бүгін Премьер-лиганаң жетінші туры аясында төрт кездесу өтіп, турнирлік кестеде айтарлықтай өзгерістер орын алды.

"Астана" жеке-дара көш бастады

Қарағандылық "Шахтер" Премьер-лиганаң жетінші туры аясында "Астанамен" кездесті. "Астана Аренада" өткен матчта елордалық клуб 1:0 есебімен "кеншілерден" басым түсті.

Ойынның 19-минутында "Астананың" жартылай қорғаушысы Валерий Чуперка есеп ашты. Бұл Валерийдің Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы голы ретінде тіркелді. "Шахтер" есепті теңестіруге тырысқанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Тағы бір айта кетерлік жайт, бүгін "Астананың" бас бапкері қызметін Нұркен Мазбаев атқарды. Бұған Андрей Тихоновтың ауырып қалуы себеп болды. Елордалық клуб бұл жеңістен кейін 17 ұпаймен көш басында қала бермек. Қоржынында небәрі үш ұпайы бар қарағандылық ұжым он екінші орында тұр.

Сонымен қатар "Каспий" Қазақстан Премьер-лигасының жетінші туры аясында жамбылдық "Таразбен" кездесті. Матч Ақтау қаласындағы "Жас Қыран" стадионында өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Ойынның 30-минутында "Тараз" қақпасына пенальти белгіленді. Ал "Каспийдің" жартылай қорғаушысы Уаджди Сали бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Осы гол ақтаулық клубқа жеңіс сыйлады. Жеңіске жеткен Срджан Благоевич шәкірттері турнирлік кестеде 9 ұпаймен жетінші орынға көтерілді. Ал "Тараз" екінші орында қала берді (14 ұпай).

Ал "Атырау" алматылық "Қайратты" қабылдап, сенсация жасады. Матч Атыраудағы "Мұнайшы" стадионында өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Бірінші таймда қос команда да гол соға алмады. Ал екінші тайм бастала салысымен "Атыраудың" жартылай қорғаушысы Жаслан Қайыркенов матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды соқты.

Маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген Арам Восканян шәкірттері турнирлік кестедегі жағдайын жақсартып алды. "Атырау" бесінші ұпайын қоржынға салып, он бірінші орынға көтерілді. Ал алматылық ұжым 12 ұпаймен төртінші орында тұр.

"Тобыл" бүгін түркістандық "Тұранмен" кездесті. "Тобыл Аренада" өткен ойында қостанайлық клуб 5:0 есебімен жеңіске жетті. "Тобылға" жылдам гол соғудың сәті түсті. Ойынның 8-минутында Неманья Николич есеп ашты. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Азат Нұрғалиев пенальтиді сәтті орындады. 63-минутта Николич дубль авторы атанды. 76-минутта Дмитрий Мирошниченко командасының төртінші голын соқса, қосалқы құрамнан шыққан Жасұлан Жұмашев 84-минутта ойынның нүктесін қойды. Осы ойыннан кейін Григорий Бабаян шәкірттері екінші орынға шықты (15 ұпай). "Тұран" 3 ұпаймен он үшінші орында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу