"Астана" жеңілістен аман қалды

1650

Елордалық "Астана" Конференция Лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында финляндиялық КуПС командасымен тең ойнады. 

"Астана" жеңілістен аман қалды

Қос команда ойынның алғашқы жартысында гол соға алмады. Ал 54-минутта Аньекпено Удо "Астана" қақпашысы Дмитрий Непогодов пен Энео Битридің қателігін өз пайдасына жаратып, есеп ашты. Бірақ 94-минутта албаниялық қорғаушы өз қателігін түзеді. Ол қарсылас ойыншыдан кері серпілген допты қақпаның оң жақ бұрышына дәл бағыттады. Осылайша, ол қатарынан екінші матчта ең соңғы минутта гол соғып, командасын жеңілістен аман сақтап қалды. Қарымта матч 12-тамыз күні "Астана Аренада" өтеді. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады.

Сонымен қатар қарағандылық "Шахтер" Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта украиналық "Колос" командасымен тең ойнады. Матч Киевтегі "Колос" стадионында өтіп, 0:0 есебіиен аяқталды. Ойында қос команда гол соғатын тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Ойынның 76-минутында Давид Атанаскоски екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылды. Одан бөлек, "кеншілердің" төрт ойыншысы сары қағаз алды. Айта кетейік, қарымта матч 10-тамыз күні "Астана Аренада" өтеді. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады.

Ал қостанайлық "Тобыл" Конференция Лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында өз алаңында словакиялық "Жилинадан" ұтылып қалды. Кездесу "Астана Арена" стадионында өтіп, 0:1 есебімен аяқталды.  Ойындағы жалғыз әрі жеңісті гол 27-минутта соғылды. Словакиялық команданың жартылай қорғаушысы Мирослав Гононың айып алаңның сыртынан бағыттаған соққысы қақпа торында тулады. Одан кейін де "Жилина" гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Бірақ Александр Мокин жарқын сейвтерімен көзге түсті. Ал "Тобыл" қанша шабуылдаса да, гол соға алмады. Жауапты матч 12-тамыз күні Словакияда өтеді. Нұр-Сұлтан уақытымен 22:45-те басталады.

Алматылық "Қайрат" Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта армениялық "Алашкертпен" тең ойнады. Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Ойын бастала салысымен алматылық клуб бірінші нөмірмен ойнай бастады. Жасаған шабуылдары да аз болған жоқ. Артур Шушеначев пен Гүлжігіт Алықұловта гол соғуға жүз пайыздық мүммкіндік болды. Сен соқпасаң, саған соғамын дегендей, ойынның 34-минутында армениялық клуб пенальти тебу құқығына ие болды. Нүктеге келген Александр Глешич гол соға алмады. Оның тепкен добы қақпа маңдайшасына дөп тиді. Ал екінші таймда қос команда да мардымсыз ойынымен көзге түсті. Жауапты ойын 12-тамыз күні Арменияда өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу