"Астана" "Жетісуды" еш қиындықсыз жеңді

1279

Елордалық клуб 1:0 есебімен жеңуді әдетке айналдырды.

"Астана" "Жетісуды" еш қиындықсыз жеңді

"Астана" Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші туры аясында талдықорғандық "Жетісумен" кездесті. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды.

Ойынның 4-минутында "Астана" есеп ашты. Кадетенің айып алаңына асырған пасын "Жетісу" қақпашысы қағып жіберді, ал серпілген допты Марин Томасов қақпаға дәл бағыттады. Айта кетейік, бүгін "Астана-Аренада" жанкүйерлер алғаш рет өз командасына қолдау білдірді. Маусым басталғалы бері жеңілістің дәмін татпаған елордалық клуб 29 ұпаймен бірінші орында тұр. Ал Ринат Алюетов шәкірттері ең соңғы орыннан көтеріле алмауда.

Сонымен қатар қарағандылық "Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші турындағы алғашқы матчта "Тұранмен" кездесті. Матч "Астана Аренада" өтіп, 0:1 есебімен түркістандық клуб жеңіске жетті.

Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды команда капитаны Таңат Нөсербаев соқты. 20-минутта Карам Сұлтанов қолмен ойнағаны үшін "Шахтер" қақпасына пенальти белгіленді. Ал Таңат мүлт кетпеді. Осыдан кейін "Шахтер" тайлы-тұяғымен шабуылға шықты. Бірақ барлық ойыншысын қорғанысқа жұмылдырған "Тұран" үш ұпай еншіледі.

Қатарынан үшінші кездесуде жеңіс тойын тойлаған Абдухалық Бөрібаев шәкірттері турнирлік кестеде 12 ұпаймен оныншы орынға көтерілді. 8 ұпайы бар қарағандылық ұжым екі саты төменде тұр.

"Ақжайық" Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші турында алматылық "Қайратты" қабылдады. Матч Оралдағы "Ақжайық" стадионында өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Ойындағы жалғыз әрі жеңісті гол 54-минутта соғылды. "Ақжайық" футболшысы Алексей Чичиков бір ғана паспен қарсыластың қорғанысын бұзып жарды. Оның пасын қабылдаған Павел Назаренко допты қақпашының үстінен асырып тастай салды. Алматылық ұжым қақпаны 6 рет дәл көздегенімен, гол соға алмады. Бұл жеңістен кейін Владимир Мазяр шәкірттері турнирлік кестеде 18 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. 17 ұпайы бар "Қайрат" төртінші орында тұр.

"Ақтөбе" Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші туры қарсаңында қызылордалық "Қайсарды" қабылдады. Матч Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.

Ойынның 26-минутында "Қайсар" клубының шабуылшысы Каролис Лаукжемяс есеп ашты. Ал бірінші таймның аяқталуына бір минут қалғанда Игорь Сергеев қақпашы Марсель Исламқұловтың қателігін сәтті пайдаланып, таразы басын теңестірді. Екінші тайм барысында қос команда да гол соға алмады. Он үшінші ұпайын қоржынға салған "Ақтөбе" турнирлік кестеде тоғызыншы орында тұр. 7 ұпайы бар қызылордалық клуб он үшінші орында қала берді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу