"Астана" Еуропа лигасында жеңілді

2963

Көздерінде от жоқ, жалынсыз, жігерсіз ойын көрсеткен елордалықтар деңгейлері өздерімен тең командаға есесін жіберді.  

"Астана" Еуропа лигасында жеңілді

Ойынның небәрі 4-минутында қақпамызға гол енген кезде барлығы түсінікті болған еді. Сербиялық команда  "Астана" екі аяғын бір етікке тығатыны анық байқалды. Жанұяларымен әлемнің үздік шипажайларына кетуді аңсап отырған аяқдопшылар жарақат алып қалмауды басты мақсат тұтып, 22-минутта екінші голды жіберді. Араға 4 минут салып жылдамаяқ жапон ойыншысы Такумо Асано үшінші голды салғанда матч тағдыры түгелімен шешілді. 

Көздерінде от жоқ, жалынсыз, жігерсіз ойын көрсеткен елордалықтар деңгейлері өздерімен тең командадан ойсырай жеңілді. Екінші таймда қорғаныстың қателігінен Омар Садық төртінші голды соғып, Юрий Логвиненконың футбол тұрғысында сауатсыз екенін көзімізге шұқып көрсетті. Румыниялық легионеріміз Дорин Ротариу алыстан пас асырғалы жатыр еді, байқамай гол соғып кетті. Есеп 4:1. Осы нәтижемен  "Астана" Еуропа лигасындағы сайысын аяқтады. 

Бұл матч алдында жастарға сенім артамыз деген Роман Григорчук сөзінде тұрмай шықты. Вячеслав Прокопенко да, Дидар Жалмұқан да, тіпті Серікжан Мұжықов та алаңға шықпады. Пайдасы аз Рангело Янга алмасып еніп, әдеттегі ісінен жаңылмады. Яғни ештеңе істеген жоқ. Кюрасао елінің шабуылшысынан гөрі алаңға жергілікті жастардың шығып, сәл де болса тәжірибие жинағаны дұрыс еді. Шамасы бұл матч Роман Григорчук үшін "Астана" бас бапкері қызметіндегі соңғы ойын болған секілді. 

"Партизан" (Сербия) -  "Астана" - 4:1 (3:0)

Голдар: Сейдуба Сума 4, Садик Умар 22, 76 Такума Асано 26 - Дорин Ротариу 79

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу