Қазақстандық теннисші, 16 жастағы Әмір Омарханов Астанада өтіп жатқан ITF M25 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жасөспірімдер арасында әлемнің 15-ракеткасы Әмір Омарханов өткен аптада Президент кубогі үшін челленджер жарысында екінші айналымға шыққандықтан, ATP рейтингісіне алғаш рет кіріп, 1349-орынға жайғасқан еді.
Бұл жолы Әмір әлемнің 465-ракеткасы, 20 жастағы ресейлік Илья Симакинмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Омарханов 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде ресейлік теннисші есе қайырды — 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Әмір жеңісті жұлып алды — 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 22 минутқа созылды.
Әмір Омарханов келесі кездесуінде әлемнің 789-ракеткасы, қытайлық Ван Аожаньнан айласын асырса, ширек финалға өтеді.