Астанада 65 журналист пәтер кілтін алды

2740

26 маусымда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан журналистерге және Қазақстанның жетекші мемлекеттік БАҚ-тың басқа да қызметкерлеріне пәтерлер берілді. 

Астанада 65 журналист пәтер кілтін алды Фото: inbusiness.kz

Тұрғын үй "Дара" президенттік бастамалар қоры мен "Халық" қайырымдылық қорының қолдауымен салынып, бүгін 65 журналистке пәтерлердің кілті берілді, деп жазады inbusiness.kz.

Салтанатты шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы, Президент әкімшілігі мен қор өкілдері қатысты.

"Журналистер күні тамаша бір тартумен басталып жатыр. Ең әуелі сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен, баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қоғамның барометрі атанған журналистерге, қарусыз майданның көрінбес қаһармандарына Мемлекет басшысы, министрліктің атынан үлкен алғыс білдіремін. Міржақып Дулатұлы атамыздың жақсы бір сөзі бар "Кімнің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты", қазіргі заманның тілімен айтқанда, кімнің журналисі мықты болса, сол озар. Кезінде өзім қызмет еткен "Хабар", "Қазақстан" телеарналарының бүгінгі қуанышына ерекше риза болып тұрмын. Енді құдай көрші болыңыздар, әріптестер!" - деді Дархан Қуандықұлы.

Мемлекет басшысының бастамасымен әлеуметтік осал топтар мен мемлекет қызметкерлеріне арналып салынған тұрғын үйдің көлемі 33 мың шаршы метр болады. Бірінші мен екінші кезектегі үйлердің құрылысы бір жыл ішінде аяқталып, әкімдіктің тізімі бойынша үй иелеріне пәтерлер беріле бастады. Соның ішінде 65 БАҚ өкілі бүгін баспаналы болды. Игі істің бастамасында "Дара" президенттік бастамалар қоры мен "Халық" қайырымдылық қоры тұр.

"Қордың бастамасымен және Президенттің тапсырмасы бойынша өткен жылы тұрғын үй салу туралы шешім қабылданды. Бір жылдан аз уақыт ішінде, міне, құрылыс аяқталды.​ ​ Бұл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына, бюджет қызметкерлеріне - мұғалімдерге, тәрбиешілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне беріледі. Жалпы "Халық" қоры 7 жыл ішінде әлеуметтік шараларға 45 млрд теңге бөлді, мысалы біз мектептер мен заманауи үйлер саламыз.​ Игі істің артығы болмайды. Жыл соңына дейін барлық пәтерлер бөлініп, осы үй толығымен пайдалануға беріледі", - деп атап өтті "Халық" Қорының Басқарушы директоры Нариман Әбілшайхов.

Оның айтуынша, Қордың міндеті әкімдікке өтеусіз негізде үй тұрғызып, пайдалануға беру. Ал оның кімге, қашан берілетінін әкімдік өзі шешеді. Ең бастысы, науқан бір реттік емес, алдағы уақытта жалғасын табады, деп сендірді үкіметтегілер.

"Бұл тамаша мереке -  қаламды қару еткен журналистер,  барша  БАҚ қызметкерлері, баспасөз, телерадиокомпаниялар, ақпараттық агенттіктер және интернет-басылымдардың өкілдерінің ортақ мейрамы. Сіздер өз материалдарыңызда маңызды әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды көтересіздер. Сіздер - қоғамның қозғаушы күшісіздер. Өткір мәселелерге қоғам мен биліктің назарын аударып,  шешімін  табуға ықпал етесіздер. Кәсіби деңгейі жоғары, оқырман мен көрерменге жауапкершілікпен қарайтын журналистер әр қашанда шын құрмет пен қолдауға лайық. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, шығармашылық шабыт тілеймін!" - деп журналистерді "Халық" Қорының Басқарушы директоры құттықтады. 

Бүгін бір бөлмелі пәтердің иесі атанған, екі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Рахима Баутаева Ұлттық арнадағы 35 жылдық еңбегі еленгеніне ерекше қуанышты екенін жасырмай эмоциясымен бөлісті:

"Бүгін мен үшін ең бақытты күн. ​ Менің екі балам бар және бұл менің алғашқы пәтерім. Біздің Президентке, қорға және басшыға берілген сыйлық үшін алғыс айтқым келеді. Осыдан бірер күн бұрын кадр бөлімі бізден бір-екі құжат сұратып еді, сол кездің өзінде пәтер бұйырады десе, сенбес едім. Біз бір конкурсқа тапсырып жатырмыз деп ойладық. Міне, қазір ғана пәтерлі болғанымды білдім, шыны керек, үлкен тосын сый болды"

Анықтама: "Халық" қайырымдылық қоры жеке қайырымдылық ұйымы. Қор Қазақстанда өмір сүру сапасын жақсарту мен дамытуға қолайлы жағдай жасауға ұмтылады. Халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім беру салаларында түрлі қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру үшін "Халық" қоры 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Қордың құрылтайшылары Тимур мен Динара Құлыбаевтар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу