Астанада Әлем чемпионаты өтеді

955

Әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты 2024 жылы Астанада өтеді. Бұл туралы  IBA директорлар кеңесі Ташкентте өткен ресми отырыста мәлімдеді.

Астанада Әлем чемпионаты өтеді

Өтінішті Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Әзиз Қожамбетов беріп, келесі жылы әйелдер арасындағы ірі турнирді өткізу орны ретінде Астана қаласындағы "Барыс Арена" таңдалды.

"Мен Қазақстан сияқты бокс күші қуатты елдің IBA-ның ірі турнирлерінің бірін өткізетініне қуаныштымын. Жарыс 2016 жылы да Астанада өткен болатын және қазір әйелдер арасындағы турнирдің жүлде қорын екі есе арттырғандықтан, жарыс бұрынғыдан да жақсы өтеді. Барлық 12 салмақ дәрежесі бойынша өтетін жарыстың жалпы жүлде қоры 4,8 миллион доллар. Бірінші орын иеленген боксшыларға 200 000 доллар береміз. Бұл сомадан ұлттық құрамалардың бас бапкерлеріне 10 пайыз тиесілі. Мен чемпионатты асыға күтемін және келесі жылы боксшыларды Астанаға шақырамын", - деді IBA президенті Умар Кремлев.

Басқарма Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) басқару органын қалпына келтіру туралы ұсыныс жасамас бұрын негізгі ұйымдастырушылық мәселелерді де талқылады. Директорлар кеңесі келесі ресми отырысты шілде айында Таиландтың Пхукет қаласында өткізу туралы шешім қабылдады. Жақында IBA Халықаралық Олимпиада комитетіне басқарудың барлық мәселелерін қарастыратын 400 беттен тұратын толық есепті ұсынды. IBA-ның Байланыс жөніндегі арнайы комитеті ХОК-тың ағымдағы жағдайы туралы хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, Ташкентте бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты аяқталып, Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды. Оның төртеуі алтын, біреуі күміс жүлде. Боксшыларымыз бен ұлттық құрама бапкерлері елге оралды. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Өзбекстанның  Ташкент қаласында өткен  әлем чемпионатының жеңімпаздары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін қабылдады. Мемлекет басшысы  спортшыларды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтап, бұл күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу