Артём Фукс деген Ресей шабуылшысы жыл басынан бері "Астана" хоккей клубында ойнап жүр. 1991 жылы 31 қазанда Сургутте туыпты. Шайбалы хоккеймен дәл осы қалада айналыса бастаған. Америкадағы хоккей лигаларында да ойнаған. Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткен.
Бойы – 182 см. Салмағы – 100 келі. Осы хокейші баспасөз құралдары арқылы қазақтың күрзі жұдырықты қыраны Дамир Рысбаевты "қорықпаса, шықсын мұз айдынға" деп жекпе-жекке шақырып отырған көрінеді. Ал екі хоккейшінің 18 тамыз күні басталатын Қазақстан кубогы додасында кездесуі бек мүмкін...
Дамир Рысбаев – қазір "Барыс" клубының құрамында. Бірақ осы клубтың құрылымдық жүйесіндегі "Номад" командасының сапында да мұзайдынға шығуы мүмкін. Қалыптасып кеткен тәжірибе бойынша, "Барыстың" негізгі құрамына көп ілікпейтін хоккейшілер "Номадтың" жейдесін киіп, Қазақстан чемпионатында жиі ойнайды.
Қызық болғанда, Қазақстан кубогы додасында "Астана" мен "Номад" бір топта ойнайды. Бұл әрине, ұйымдастырушылардың маркетингтік түрғыдағы ой-идеялары болуы әбден мүмкін. Сөз жоқ, енді Дамирдің төбелесін көргісі келетін жанкүйерлер осы екі команда кездескенде, мұзайдынға ағылуға тиіс.
Дамирдің бойы – 187 см, ал салмағы – 92 келі. Төрт жас үлкендігі бар демесек, Фукс өзімен шамалас. Рысбаевты ел біледі, жұдырығы – жуан, соққысы – қуатты. Ал ресейлік хоккейші – көпшілікке беймәлім жігіт. Кім біледі, бәлкім, шынымен де екеуі жұдырықтасып, жанкүйерлерді қызыққа бөлер.
Есесіне, Қазақстан кубогы аясындағы бұл матчты біздің елдің ғана емес, шайбалы хоккейді сүйетін барлық мемлекеттердің жанкүйерлері сарыла күтетін болады. Қазірдің өзінде "Дамир сені шалқаңнан түсіріп, мұзайдынға жабыстырады" деген сыңайлы пікірталас, дау-дамай басталып кетті.
Маруан Түсіп