Елорданың төріндегі "Астана Арена" стадионында көптен күткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Алаңға 20 мың адам жиналған. Мемлекеттік Ту шығарылып, Әнұран орындалды.
Дүбірі жер жарар салтанатты шараға алыс-жақыннан келгендердің қарасы мол.
Мәртебелі қонақтар қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның III Президенті Намбарын Энхбаяр бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 нысанда өтеді.
Атап айтсақ, "Астана Арена" стадионы, "Қазанат" ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, "Алау" мұз сарайы, "Qazaqstan" жеңіл атлетика спорт кешені, "Думан" кешені.
Спорттық ойындардың жоғары деңгейде өтуі үшін ҚР Премьер-Министрі орынбасарының төрағалығымен арнайы комитет құрылған.
Шараның көрігін қыздыру үшін алдағы екі сағат бойы 3 мың өнерпаз өнер көрсетеді.
Қатысушылар арасында еліміздің түрлі өңірінен мәдениет саласының өкілдері, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мекемелердің әртістері бар.
Ашылу салтанатын "Қазақстан", "Қазспорт", "Хабар", "Ел арна", "Jibek Joly", "Silk Way", "Sport Plus" арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық "Мир", "Мир 24" арналары, Ресейдің "Старт LIVE" спорт арнасы, Татарстанның "ТНВ Қазан" телеарнасы, Өзбекстан мен Түрікменстанның мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, дүниежүзілік көшпенділер ойындары тарихында бұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынып отыр.