Астанада Евразия құрлығының ең үздік хоккей командалары додаға түспек

1035

Төрт күндік жас хоккейшілер турнирінде Ресей, Беларусь пен Қазақстанның ең үздік командалары бақ сынайды.

Астанада Евразия құрлығының ең үздік хоккей командалары додаға түспек Фото: hcbarys.kz

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін UTLC Ice Cup турнирі 15-19 сәуір аралығында Астанада өтеді. Қазақстан Ресей, Беларусь елінен келген болашақ хоккей жұлдыздарын "Барыс Аренада" қарсы алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазіргі заманда кәсіпті дөңгелетіп кетуге, табысты болуға ынта-жігер, мінез, бір ғана еңбекқорлық аздық етер. Бәсекелестіктің қайнап тұрған уақытында тұтынушыға тауардың не көрсетілетін қызметтің сапасы ғана емес, жалпы компанияның ниеті мен ұстанымы да маңызды. Мұның барлығы "Корпоративті әлеуметтік жауапкершілік" ұғымына келіп тіреледі. Яғни бүгінгі бизнес табыс табуды ғана ойламай, қоғамның игілігіне қызмет етуге тырысады. Қайырымдылық, экологиялық жобалар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, түрлі спорттық не мәдени бастамалар  соның айнадайын көрінісі.

Тұтынушылар мұндай бастамаларға қолдау білдіріп, сол арқылы компанияға деген сенімі артады. Мысалы, Forrester Research мәліметтері бойынша тұтынушылардың 52%-ы брендті таңдағанда оның құндылықтары мен ұстанымдарын ескереді екен. Қазақстанда да "Жақсылық жасап, жарысайық!" тенденциясы қалыптасып келеді. Қиын-қыстау кезеңде, әсіресе, пандемия уақытында түрлі мысалдарға қанық болдық, алайда кәсіпкерлер бейбіт күнде де өз ісін жалғастыруда.

PTC Holding ірі көлік-логистикалық компаниясы серіктесі ОТЛК ЕРА-мен бірлесе отырып (теміржол контейнерлік қызмет операторы) балалар спортына ден қойып, оның дамуына үлес қосуда. Жақын арада Қазақстан Ресей, Беларусь елінен келген болашақ хоккей жұлдыздарын "Барыс Аренада" қарсы алады. 15-19 сәуір аралығында өтетін UTLC Ice Cup турниріне "мен" деген барлығы 6 команда қатысады. Аталмыш дода жайлы толығырақ журналистерге арналып ұйымдастырылған баспасөз конференциясынан білдік.

"Кез-келген табысты бизнестің қоғамға бір пайдасы тиюі керек. Біздің компания әлеуметтік жауапкершілікті толығымен мойынына алды деп айта алмаймыз, бірақ Қазастан, Ресей мен Беларусь болсын, осы үш елдің әрқайсысында жобаларымыз бар. Сол арқылы біз балаларға арналған, медициналық не ветеринарлық ұйымдарға барынша қолдау білдіруге тырысамыз, бірақ солардың ішінде көңілімізге ең жылысы – үш елдің ең үздік клубтарының жұлдыздары қатысатын турнирлерді ұйымдастыру", - деп мойындады ОТЛК ЕРА компаниясының басшысы, турнир демеушісі Алексей Гром.

Үш ел арасындағы достық қарым-қатынас пен серіктестікті мақсат тұтқан компания бұған дейін футбол мен баскетбол турнирлерін жыл сайын өткізіп отырған. Ресей өз алаңында футболшыларды күтіп алса, Беларусь болашақ баскетболшылардың жиналатын орнына айналған. Ал бірнеше жыл бұрын ОТЛК ЕРА үш елге ортақ хоккей спорты бойынша турнир ұйымдастыру ұсынысын білдіргенде Қазақстан тарапы бірден қолдап, біздің елорда – турнирдің Отанына айналды. Спорттық сайыстың үш жылдық тарихында дода тек бір-ақ рет – былтыр карантиндік шектеулерге байланысты Нижний Новгородта өтті.

"Турнир осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы турнирді біз әдеттегідей Астанада өткіземіз. Алдағы уақытта да солай жалғаса береді деп үміттенеміз. Біздің басты серіктесіміз – "Барыс" хоккей клубына мың алғыс. Олар бізге керемет мұз айдынын ұсынып, спортшыларды жатын орындарымен қамтамасыз етті", - деді компания басшысы.

Биыл ең мықты деген алты команда додаға түспек. Олардың қатарында "Барыс" (Қазақстан, Астана), "Локоматив" (Ярославль, Ресей), "Динамо юниор" (Минск, Беларусь), "Металлург" (Магнитогорск, Ресей), "Трактор" (Челябинск, Ресей) бар. Турнир бастан-аяқ "Барыс Арена" мұз айдынында өткізіледі. "Барыс" хоккей клубының вице-президенті Болат Қарабалиннің айтуынша, ұйымдастыру жағынан барлығы сақадай дайын.

"Бұл турнирге біз үш ай бойы дайындалдық – командалардың келу мерзімін шешу, күтіп алу, орналасатыру, өтетін орнын белгілеу жұмыстары жүргізілді. Біз тек ұйымдастыру жағына жауап береміз, барлық қаржылай ауырпашылықты өз мойынына демеушілер алды", - деп атап өтті Болат Қарабалин.

Талай халықаралық сайыстардың саңлақтары, республика бойынша екі жыл қатарынан чемпион атанып келген "Барыс-2009" командасы кезекті сайысқа қалай дайындалғандарын айтып, қай команданы бірінші кезекте қарсылас көретіндерін жасырмады.

"Әдетте біз күніне үш сағаттан аптасына алты рет дайындаламыз. Тек сенбі күні немесе жұмыс күнінің бірінде демалыс беріледі және жыл мезгілі, ауа-райына қарамастан жаттығулар үнемі өткізіледі. Сондықтан бізде белгілі бір турнирге ғана дайындалу деген жоқ. Бірақ әр додаға психологиялық тұрғыдан дайындаламыз, қазір біз тек жеңіске тырысамыз, кубок біздікі болады", - деді "Барыс-2009" командасының спортшылары.

Екі жасынан конькиге тұрған, төрт жасынан секцияға қатыса бастаған Нұрсалим Кеженбаев команданың басты қарсыласы ресейлік "Локоматив" екенін жасырмады, бірақ Болат Қарабалиннің айтуынша, команда барлық сынақтарға дайын және біздің елдің дес бермейтініне сенімді.

"2009 жылғы балалардан топтастырылған команда мықты. Олар Қазақстанның негізгі хоккей клубтарының өкілдері. Сондықтан жеңістен үлкен үміт бар!", - деді клуб вице-президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу