Футзалдан 19 жасқа дейінгілер арасында 2027 жылғы Еуропа чемпионаты Қазақстанда өтеді

412

2027 жылы Астана U-19 санатындағы футзалшылар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін қабылдайды.

Футзалдан 19 жасқа дейінгілер арасында 2027 жылғы Еуропа чемпионаты Қазақстанда өтеді

Бұл шешім Албания астанасы Тиранада өткен UEFA Атқарушы комитетінің отырысында қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан футзал қауымдастығының өтінімі мақұлданып, ел жасөспірімдер құрамасы қабылдаушы тарап ретінде финалдық кезеңге автоматты жолдама алды.

Жарыс 2027 жылдың 26 қыркүйегі мен 3 қазаны аралығында "Жекпе-Жек" аренасында өтеді. Бұл алаң бұған дейін Қазақстан футзал құрамасының бірнеше ойынын қабылдап, күрес пен дзюдодан ірі халықаралық турнирлерге де жиі үй болған.

Финалдық кезеңде барлығы 8 құрама бақ сынайды: Қазақстаннан бөлек, іріктеу кезеңінен өткен 7 елдің командасы.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан футбол федерациясы үшін құрамалар арасындағы UEFA турнирінің алғашқы финалдық кезеңі. Бұған дейін "Қайрат" клубы Алматыда 2011, 2017 және 2019 жылдары футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңдерін өткізген еді.

Қазіргі таңда U-19 санатындағы Еуропа чемпионы – Португалия. Ал екі мәрте (2019, 2022) топ жарған Испания турнир тарихындағы ең табысты команда болып саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу