Астанада қандай медицина қызметкерлері жетіспейді

4484

Дәрігерлерге жатақхана салу үшін жер телімі бөлінді.

Астанада қандай медицина қызметкерлері жетіспейді

Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова бас шаһарда медицина қызметкерлерінің тапшылығы сезіліп отырғанын мәлімдеді.  

"Астанада күрделі сала мамандардың тапшылығы сезіледі. Олар көбінесе жалақы көбірек төленетін жеке медициналық ұйымдарға және республикалық орталықтарға ауысып кетеді. Бұл мәселені баспана сертификатымен шешуге тырысып жатырмыз. Әкімдік медицина қызметкерлеріне 1 млн теңге көлемінде баспана сертификатын береді. Осы сертификатқа қосымша қаражат қосу арқылы медицина қызметкерлері ипотекаға үй сатып ала алады", – деді басқармасы басшысының міндетін атқарушы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде.

Әлия Рүстемованың мәлімдеуінше, елорда да акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог жетіспейді.

"Олардың жұмысы өте ауыр және физикалық, моральдық күшті қажет етеді. Шаршағаннан қызметін тастап кететіндер бар. Көрсетілген мамандарды қазіргі қызметтерінде сақтап қалу үшін оларды ынталандыру шаралары  қабылданып жатыр. Былтыр оларға 18 пәтер берілген. Биыл да әкімдік медицина қызметкерлері күні қарсаңында сала қызметкерлерінің баспаналы болуына жағдай жасауды жоспарлап отыр. 2018 жылы дәрігерлерге 1 млн теңгелік 20 сертификат берілсе, биыл қосымша 200 сертификат үлестіріледі", – деді Әлия Рүстемова.

Оның сөзінше, Астанада медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салынады.

"Өзге басқармалармен бірлесіп, дәрігерлерге арналған жатақхана мәселесін шештік. Оны салатын жер телімі бөлінді", – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу