Астанада киіз үй қалашығы құрылды

Алина Альбекова Алина Альбекова
6064

Мәдениет министрлігі өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындады.

Астанада киіз үй қалашығы құрылды

Енді өткен тарихымызға саяхат жасап, көшпенділердің рухын сезіну үшін қала сыртына шығу міндетті емес, бар болғаны "Қазанат" ипподромына жету керек. Бұл жерде үкіметтің тапсырмасымен "ЭКСПО - 2017" халықаралық көрмесінің ашылуына орай мәдениет министрлігі жасаған имидждік жоба – этникалық кешен орналасқан.

2,5 мың шаршы метрге созылып жатқан аумақ бірнеше секторға бөлінген. Мысалға, оның бірінде дәстүрлі аңшылықтың түрлері ұсынылған,  мұнда құс салып аң аулау – саят және дала жүйріктері – тазымен аң аулау сияқты ұлттық кәсіптің түрлерін тамашалауға болады. Сондай-ақ бұл жерде көрермендерге  құралайды көзге атқан мергендер де өз өнерлерін паш етеді.

Басқа бір секторда ұлттық ойын-сауық түрлеріне орын берілген, мұнда дәстүрлі ойын түрлері мен әскери-спорттық жарыстар қамтылған. Оның ішінде түрлі сайыс, қыз қуу, теңге алу, алтыбақан бар. Ал "Қазақтың музыка және театр өнерінің фестивалі" секторында қонақтардың назарына ежелгі және қазіргі Қазақстан мәдениетінің сан қырын көрсететін мазмұнды  бағдарлама ұсынылады. Бағдарлама аясында The Spirit of Tengri мультимәдениетті жобасы, сондай-ақ қазақтың музыка және театр өнерінің фестивалі өтеді.

Келесі секторға этникалық қолөнер бұйымдарын жасайтын Қазақстанның шеберлері жайғасқан. Зергерлік бұйымдардан бөлек бұл жерден ұлттық сипатпен ерекшеленетін картиналарды, ғажайып мүсіндер мен киізден жасалған бұйымдарды табуға болады. Қонақтар бұл бұйымдарды сатып алумен ғана шектелмей, бұйымды жасау процесін өз көзімен көре алады. Мұндағы әр апта Қазақстан аймақтарының біріне арналады. Осы аптада жиналған жұртты алматылық қолөнершілер өз өнерімен тәнті етті.

Ең дәмді сектор – бұл, әрине  ұлттық тағамдар секторы. Мұнда меймандар қазақтың етінен ауыз тиіп, қымыз не шұбат ішіп, шөл  қандырады. Сонымен қоса этноауылдың  аумағында түрлі ұлт тағамдарын әзірлейтін мейрамханалар да жұмыс істейді, оның ішінде корей, орыс тіпті қытай асынан дәм татуға болады.  Төлем жүйесі ретке келтірілген. Этноауылда  төлем жасайтын pos-терминалдар  толып тұр.

Жалпы ипподромның аумағында шамамен 30-ға жуық киіз үй тігілген. Оның қатарында жоғары лауазымды қонақтарды күтіп алуға арналған киіз үйлер де бар, олар VIP-аймақта орналасқан.Бұдан бұрын мәдениет министрлігі атап көрсеткендей, этноауыл "ЭКСПО" көрмесі өтетін үш ай бойы үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Ол жерде 20-ға жуық халықаралық спорттық жарыс өткізу жоспарланған. Жуырда "ЭКСПО" кубогі мен Тұңғыш президенттің жүлделері сарапқа салынған бәйге өтті, оған өзге елдерден келген шабандоздар да қатысты. Жалпы бәйгеге 200-ге жуық сәйгүлік шапты. Ұшқыр бәйгенің жүлде қоры 63 млн теңгеден асты,  ал ұлттық бәйге түрлерінің жүлде қоры 36 млн теңгені құрады. Жарыс бағдарламасында бәйгенің көптеген түрі қамтылды:  25 шақырым қашықтықта шабатын аламан бәйге, топ бәйге – 15 шақырым, жорға аттар жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырым, ұшқыр бәйге – 2,4 және 1,8 шақырым.

Әйгерім Сүлейменова, Алина Альбекова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу