Астанада кинодуман бастау алады

10550

​Бүгін Астана тұрғындары мен қонақтарын үлкен қызық күтеді: қалада бүкілконтиненталдық кинематографиялық басты оқиға басталады.

Астанада кинодуман бастау алады

XIII "Еуразия" халықаралық кинофестивалінің осы күнгі ашылу салтанаты елордадағы "Қазақстан" орталық киноконцерт залында өтпек.

Халықаралық кинофестивальдің президенті, халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның айтуынша, кинодуманның "қызыл қалыкілемінің" үстімен "Оскар", "Алтын глобус" және "Сезар" секілді жаһандық беделді киносыйлықтардың лауреаттары, голливудтық актерлар Николас Кейдж, Джон Малкович, Эдриен Броуди, халықаралық фестивальдік қозғалыстың көрнекті қайраткері Марко Мюллер және Ресей азаматтығын алған француз актері Жерар Депардье жүріп өтеді деп күтілуде.

Қазақстандық кинематография атынан "Қазақстанның еңбек ері" Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, сондай-ақ жас әртістер Санжар Мәдиев, Әнуар Нұрпейісов, Берік Айтжанов, Максим Акбаров және басқалары шақырылыпты.

Ресейлік "киножұлдыздар" қатарынан Алика Смехова, Екатерина Климова, Софья Каштанова, Вячеслав Манучаровтарды көруге болады.

Осылайша, 22 шілдеде Астанада бастау алатын кинодуман 28 шілдеге дейін ұласады. Оның аясында фильмдер Mega Silk Way сауда, ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында көрсетілмек. Көрем деушілерге кіру – тегін.

Киноконкурста Қазақстан, Испания, Вьетнам, Грузия, Индонезия, Түркия, Корея, Ресей, Жапония және басқа елдердің кинокартиналары сайысқа түспек.

"Еуразия" ХКФ бас директоры Рашид Нұғмановтың хабарлауынша, биыл қазақстандық кинофестиваль рекорд орнатады: оның аясында көрермендерге 296 кинотуындының көрсетілімі ұсынылады.

Соның 101-і негізгі бағдарламаға енген. Бұл ретте 14 әлемдік, екі халықаралық және 11 азиялық тұсаукесер-премьера жоспарланған.

"Байқаулық және байқаудан тыс секцияларға толық және қысқаметрлі картиналар, авторлық және жанрлық кино кіріп отыр. Соның ішінде 12-сі – отандық туынды болмақ. Соның ішінде негізгі байқауда ел намысын қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтың "Оралман" драмасы қорғайды. Ол бұған дейін Ирандағы 35-ші "Фаджр" халықаралық кинофестивалінде үздік азиялық фильм атағын жеңіп алған",– деді Рашид Нұғманов.

"Оралман" фильмі Ауғанстандағы қазақ отбасының өмірін бейнелейді. Басты кейіпкер Сапақұл араға ондаған жыл салып, өз отбасымен, әкесі аңсаған атамекенге оралуға шешім қабылдайды. Алайда бұл оларға оңайға соқпайды. Лайықты баспана орнына оларды отанда әлдеқайда үлкен сынақтар күтіп тұрған еді.

Фильм сценарийін режиссер Сәбит Құрманбеков Нұрлан Санжармен бірге жазып шыққан. Режиссер барша адамзатқа ортақ проблема – атамекенге оралу проблемасы туралы көптен фильм түсіргісі келіп жүр екен. Әу баста сценарий оралмандар туралы болмаған, ол өз бастауына оралған адам жайын әңгімелеген, бірақ кейін оған елеулі өзгерістер енгізіліп, "Оралман" фильмі түзіліпті.

"Еуразиялық кинофестивалге қатысатын отандық 12 картина арасынан тек "Оралман" фильмі ғана негізгі байқауға қатысады. Қазақстандық кинематографистер тамаша кинотуындылар жасағанына қарамастан, оларды біздің фестивальге тарту оңай болмады. Себебі, олар өз жаңа фильмдерін Канн, Венеция секілді әлдеқайда беделді кинофестивальдерге ұсынуды жоспарлауда екен. Бұған қоса корейлік Бусан, сондай-ақ Торонто жаңа кинофестивальдері де күш алуда",-дейді "Еуразия" ХКФ бағдарламалық директоры Елена Ларионова.

"Оралман" фильмінде басты рөлді Дулыға Ақмолда ойнаған. Сонымен бірге туындыда Шынар Асқарова, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев өнер көрсетеді.

Астанадағы кинофорумның жабылуында француздың атақты режиссері, "Такси", "13-ші аудан", "Васаби", "Тасымалдаушы" секілді блокбастерлері әлем тілдеріне аударылған Люк Бессон "Валериан және мыңдаған бөтен планеталар" атты жаңа туындысын қазақстандық телекөрермендерге қазақ тілінде ұсынады.

"Бұл ғажайып жаңа туындының әлемдік премьералық көрсетілімі "Еуразия" халықаралық кинофестивалінің жабылуы рәсімі аясында өтеді. Бұл тұсаукесердің бірегейлігі сол, ол фильм қазақ тілінде паш етілетін болады. Бұрын дәстүр бойынша фестивальде барлық фильмдер түпнұсқа тілінде трансляцияланып, астына ағылшын субтитрлері берілетін. Бірақ Бессонның картинасы үшін биыл дубляж жасалып отыр",– дейді Елена Ларионова.

"Еуразия" кинофорумы тағы бір әлемдік премьерамен – үнді режиссері Биджукумар Дамодаранның "Тыныштық дыбысы" картинасымен ашылады деп жарияланды.

Сонымен бірге "Еуразия" аясында көрермендер назарына "Бес континент" атты балалар фильмдерінің конкурсы, сондай-ақ "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесімен бірге ұйымдастырылған "6 плаза" дамушы елдер бағдарламасы ұсынылады. 

Бұған қоса, фестиваль аясында Қазақстанда, Орталық Азия мемлекеттерінде және өзге де түркітілдес елдерде өндірілген көркем фильмдер кинематография саласындағы "Тұлпар" ұлттық сыйлығы үшін сайысады. "Тұлпар" сыйлығы – "Еуразия" ХКФ аясындағы шағын кинофестивальге айналады.

Барлық конкурстық бағдарламаны қазылар алқасының төрт құрамы бағалайтын болады. Ол құрамға режиссерлар: Қазақстаннан – Талғат Теменов, Грузиядан – Русудан Глуржидзе, Әзербайжаннан – Елчин Мұсаоғлу, сондай-ақ Ресей Кинотанушылары мен киносыншылары гильдиясының президенті Кирилл Разлогов, тегі қытайлық актриса Бай Лин және басқалары кірген. Ал негізгі байқаудың қазылар алқасының төрағасы – Мали елінің режиссері, әлемдегі ірі кинофестивальдер сыйлығының иегері, атақты Сулейман Сиссе болады. Сонымен қатар жюри құрамына француз актері Жерар Депардье де кіріп отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу