Астанада қоғамдық көлік түнгі ұйқыдан айырылды

8763

Елордалықтар үшін қоғамдық көлік саласы да сын астынан суырылып шығып, жақсы жаңалықтарымен қуантып жатыр.

Астанада қоғамдық көлік түнгі ұйқыдан айырылды

Биыл Астананың елорда болғанына 20 жыл болады. Осы уақыт ішінде зәулім ғимараттар, мәдени орындар мен ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері мен тұрғын үйлер салынды. Елорда тұрғындарының саны да артып, соған сай өмірге қажетті салалар дамып, көркейіп келеді.

Еліміздің бас қаласының қоғамдық көлік саласына жауапты мекемелер де қарап отырған жоқ. Солтүстіктің қақаған аязында тоңбау үшін жылы аялдамалар жасап, автобусты көп күтпеу үшін арнайы таблолар да орнатты. Табло GPS арқылы автобустардың қай жерде екенін анықтап, қанша минуттан кейін сіз күтіп тұрған аялдамаға келетінін көрсетеді. Қаланың көлік жүйесіндегі тағы бір жаңалық – Astraplat қартасы арқылы қоғамдық көлікте 1 сағат ішінде тегін жүруге де мүмкіндік бар. Яғни жол ақысын бір рет төлеп қойған соң, 60 минут ішінде басқа автобусқа отырсаңыз, оған жол ақысын төлемей, тегін жүресіз. Тамаша емес пе?!

Осы жылы сәуірдің 7-інен 8-іне қараған түні "Теміржол вокзалы – Халықаралық әуежай" аралығында жүретін №200 түнгі бағдар енгізілді. Қозғалыс аралығы: 30-60 минут. Жұмыс уақыты: 23:00 ден 06:40 дейін. Бұл автобус 2015 жылы жолаушыларды тасымалдау керек еді. Бірақ биыл ғана жұмысын бастады. Көрші Ресейде түнгі автобус 2004 жылдың аяғында жолға шығып, сұраныстың жоқтығынан 1,5 жылдан кейін жұмысын тоқтатады. 2013 жылы қайта қолға алынып, бүгінде халық игілігі үшін тоқтамай қызмет етуде.

Бүгін елордалық автобустың жұмыс барысын анықтау мақсатында жолға шықтық. Біз отырған автобустың жүргізушісі – №1 автобус паркіне тиесілі №200 бағытының жүргізушісі Тахир Нұрекенов жаңа бағыттың ерекшеліктері мен жақсы тұстарын айтып берді.

– Тахир мырза, жұмыс уақыты нешеде басталады? Қазір қанша автобус тасымалдайды?

– Теміржол вокзалынан 23:00-де қозғаламыз. Себебі, біз шыққан уақытта Халықаралық әуежайдан соңғы автобус жолға шығады. Әзірге үш автобус қызмет көрсетеді. Бірінші автобус 23:00-де, екінші 23:30 және үшінші автобус 24.00-де жолға шығады. Әр автобус 4 айналым жасайды. Соңғы автобус 6.40-та Темір жол вокзалына жетеді.

– Түнгі уақытта вокзалдан түссеңіз, сол жағалауға таксимен жету үшін кемінде 3000-4000 мың теңге шығындалу қажет. Ал сіздің автобустың толық бағыты мен жол жүру бағасы қанша? Кімдер тегін жүре алады?

– "Теміржол вокзалы – Біржан сал көшесі – Жеңіс даңғылы – Кенесары көшесі – Республика даңғылы – Қабанбай батыр даңғылы – Сарайшық көшесі – Тұран даңғылы – Достық көшесі – Қабанбай батыр даңғылы – "Пригородный" т/а – Халықаралық әуежай" бағыты бойынша жүреміз. Түнгі уақытта болғандықтан, жолақысы күндізгі автобустың тарифінен жоғары – 150 теңге. 7-15 жас аралығындағы балалар үшін – 70 теңге. Мұнда Астананың жолда жүру билеті жарамсыз. Тек жеңілдік берілген, яғни әлеуметтік қамсыздандырылған жандар: зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, көп балалы аналар тегін жүре алады.

– Түнде жүргізген қауіпті емес пе?

– Жоқ, қауіпті емес. Себебі, біздің жанымызда арнайы түйме бар. Егер оқыс оқиға орын алса, сол түймені басып, кезекте отырған диспетчерге дабыл береміз. Ол дабылды автоматты түрде жол-патруль полициясына жеткізеді. Біз дабылдың жұмысын тексеріп көрдік. Дабыл қаққыш жылдам сигналды қабылдап, әп-сәтті полиция қызметкерлері жетіп келді. Сондықтан мен үнемі жанымда қорғаныш бар деп сенімді отырамын.

– Автобуста кондуктор жоқ екен. Неге?

– Кондуктор алған тиімсіз. Себебі күніне 50-60 адам ғана мінеді. Мен барлығына билетті өзім беремін. Яғни, автобусқа отырған адам жаныма келіп билет алады да, барып отырады. Түсетін кезде тек алдыңғы есікте ашып, билеттерін тексеремін. Жолаушы аз болғандықтан жалғыз өзім үлгеремін.

Ісіңізге сәттілік! Жолаушыларыңыз көп, жолыңыз ақ болсын!

Рахила Бекназарқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу