Астанада көліктіге – кептеліс, жаяуға қолқа қапқан ыс мәселеге айналды

Шағын зауыттары қала сыртындағы индустриялдық паркте орналасқан елорданы соңғы жылдары қыстың желсіз күндерінде көк түтін басып қалатын болды.

Астанада көліктіге – кептеліс, жаяуға қолқа қапқан ыс мәселеге айналды

Бұған себеп, өзіміз көріп жүргендей, қала көшелерінде жиі кептеліс туғызатын сансыз көлік пен жеке сектордағы жер үйлерде жағылатын пештің түтіні десек, қателеспеспіз. Тіпті, құзырлы орындардың мәліметінше, ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың 60%-ы автомобильдердің "еншісінде" екен.

Осынау күрделі мәселені шешудің қандай жолдары бар дегенге тоқталайықшы. Мысалға, автокөлікке газ баллондарын орнату амалы. Жалпы тұтынушы ең алдымен көлікке қажетті отын бағасының арзандығы мен сапасы, құрылғының жарамдылық мерзімі мен өнімділігіне қызыққанымен, қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына мән бермейтіні шындық.

Тұтынушы не дейді?
Талғат есімді азамат көлігіне газ баллонын орнатқанына бір жылдан астам уақыт өткенін айтады. Демалыс күндері Астанадан Қарағандыда тұратын отбасына тартып кетуді әдетке айналдырған. Кейіпкеріміз газбен жүру әлдеқайда тиімді екенін жасырмайды. Кеншілер мекеніне жеткенше 200 шақырымға газ құюға шамамен 1500-1700 жұмсалады десек, бензинмен жүргенде бұл көрсеткіш екі есеге көп. Алайда, дәл осы бір жылда газдың бағасы, орташа алғанда 20 теңгеге қымбаттапты. Айтпақшы, Талғат газ қондырғысын 200 мыңнан астам теңгеге орнатса, бүгінде ауыстыру құны 135 мың теңгеге дейін төмендеген.

"Аталған отын түрінің құны болашақта өзге жанармай бағасымен теңессе таңғалмаймын. Өйткені, сұраныс өскен сайын ұсыныс те көбейеді емес пе. Баға өссе, сәйкесінше, санаулы ғана газ құю бекеттерінің қатары көбейеді деп үміттенемін", – дейді көлік иесі.

Қысымға сезімтал газ отынын қолдануда көлік жүргізушілердің абай болғаны жөн. Мәселен, 2016 жылдың қаһарлы қысында Қарағанды қаласындағы көлік жуу орнына кірген газ қозғалтқышты жол талғамайтын машинаның жарылып кеткені есте. Бұған 40 градусқа дейін төмендеген суық ауа температурасының күрт ыстыққа ауысуы себеп болған.

Экология жөнінде
Ал экологтар, мәселенің шешімін алыстан іздеу керек деп есептейді. Мамандар Еуропада құрылысты жобалағанда экологиялық маңызы ескерілетінін әңгімелейді. Жолдар төселгенде зиянды ауаны жұтып алатын материалдар қолданылып, зәулім үй сырттары да осындай заттармен қапталады екен.

"Қысқа уақыт ішінде тұтас аудандар бой көтеретін Астанада көп қабатты үйлерді ауа еркін өтетіндей тұрғызған жөн. Тағы бір мойындайтын нәрсе, жазық даланы жаңғыртып, жан бітірген елордада тал егіп, жасыл желекке көмкеру құрылыс қарқынына ілесіп үлгере алмай жатқаны аян. Көлік мәселесінде, таяуда президент Алматыда сөз еткендей, электромобильдермен жүретін жағдай орнағанша, әзірге балама тәсіл саналатын газға көшуде насихат, ынталандыру шараларымен бірге, қажетті әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптастырған ләзім. Ынталандыру демекші, батыс елдерінде балама қуат көздерін қолдаушы көлік қолданушыларына жеңілдіктер қарастырылған. Осылайша, барынша қолжетімді сипатта қамтылған мінсіз сервис тұтынушының көңілінен шығатыны шүбәсіз", – деп келтіреді эколог-сарапшылар.

Оларда қалай?
Шведтік "Volvo" компаниясы 2019 жылдан бастап өндірістен шығатын көліктерін тек электр қозғалтқышпен жабдықтамақ. Дегенмен, қосымша бензин-дизель тетіктері жасақталатыны жарияланды. Алып кәсіпорын 2025 жылға дейін электр жетекті 1 миллион автомобиль саудалауды жоспарлауда. Жапондықтар болса іштен жанатын қозғалтқыштан біржола бас тартпай, оған дизель араластыру арқылы табиғатты ластау деңгейін азайтып, көліктерінің қуатын арттырмақ ниетте.

Бізде ше?
Астана қаласы әкімдігі биыл тағы 500 такси көлігін газға көшіруді көздеуде. Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов хабарлағандай, қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында бүгіннің өзінде 150 такси көлігіне газ баллоны орнатылған. Бұдан тыс, коммуналдық шаруашылық қызметіндегі автокөліктердің мыңға жуығы көгілдір отынға көшіріліпті. Кептелісте тұратын көліктердің тұрғындарды түтінге тұншықтыруын азайту мақсатында, былтыр 23 шақырымнан асатын 11 жол салынып, біраз жолдар жан-жақты жөнделген. Ұлы дала елі көшесінде екі автомобиль көпірі салынуда.  

Сөз соңында бірер кеңес, газ орнатқан бетте, көліктің техникалық құжатын өзгертуді ұмытпаңыз (қалтаңызда 10 мың теңгедей қаржыңыз болсын). Артқы жүк салғыштың жартысын дерлік газ баллоны иемденетініне ренжімеңіз. Қыс демекші, көлік әбден қызғанша бензинді пайдаланып, содан кейін барып көгілдір отын түріне қол созыңыз.  

Алдаберген Кемпірбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу