Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы халықты жылыту маусымы жақындаған тұста дүрбелең туғызбас үшін қажет көмірді жаз ортасында қамдауға шақырып отыр. Ол үшін Елорда бойынша көмір сатумен айналысатын 7 ірі компания бекітілген. Басқарма басшысы Ербол Төлеуовтің сөзінше, олардың бәрімен бағаны көтермеу туралы меморандумға қол қойылған.
"Көмірдің тоннасы сапасына қарай 12-14 мың теңгеден сатылады. Ендігі мәселе көмірді кен орнынан жеткізетін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен көмір өндіруші кәсіпорындарға байланысты. Олар бағаны көтермесе, жылыту маусымының соңына дейін осы баға сақталады", – деп сендірді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда аталған 7 компанияның қоймасына 19007,2 тонна көмір әкелінген. Былтыр елорда тұрғындары мен жылу қазандықтары 420 мың тонна көмір тұтынған екен. Ербол Төлеуовтің сөзінше, оның 20 пайызын қалаға жақын жатқан Қарағанды және Ақмола облысының елді мекендері тұтынған.
"Біз жыл сайын көмірді ертерек сатып алу керектігін айтамыз. Бірақ жылыту маусымына әзірлік мектепке дайындықпен қабаттасып келеді. Сондықтан, тұрғындардың көбі балаларын оқу жылына дайындаумен әуре болып жатады. Бұл жылда қайталанатын құбылыс. Көмір сатып алу қыркүйек айынан кейін ғана қызады. Мұны жеткізушілер де біліп алған. Ол кезде кен орындарынан көмір көптеп әкелінеді", – дейді басқарма басшысы.
Ербол Төлеуовтің айтуынша, көмір бағасы алып-сатарлықтың кесірінен құбылады. Бұл ретте, алып-сатарлармен күрес қалалық ішкі істер департаментіне жүктелген. Сондай-ақ, аталған мәселені қаланың аудандық әкімдіктері реттеуге міндетті.
Басқарма басшысы әлеуметтің әлсіз топтарына жылыту маусымына көмек ретінде 20 200 теңге көлемінде бір реттік өтемақы берілетінін айтты. Аталған көмекке өтінім беру үшін Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгіну қажет.
Сонымен, биыл астанада көмір сататын компаниялардың тізімі мынадай:
- "Магнит 21 век" ЖШС (Герцен к., 6/2);
- "Айтқожынова" ЖК (Герцен к., 6Б);
- "Умар KZ" ЖШС (Дулатов к., 182/1);
- "Бек Айда" ЖШС (Жұбанов к., 35);
- "Северэнергоугольснаб" ЖШС (Герцен к., 4/1)
- "Жігер Астана" ЖШС (Көктал 28/1);
- "Сабина" ЖШС (№40 станса).
Фархат Әміренов