Астанада лифт компаниялары салғырттығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

5078

Жылдың басынан бері елордада үш үйдегі бес көтергіш айырбасталған.

Астанада лифт компаниялары салғырттығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Астананың лифт шаруашылығын қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тексереді. Бүгінгі күні осы жұмыс аясында 6653 көтергіштің 2050-нің жағдайы тексерілген. Лифтілердің қызмет көрсету ережесін бұзушыларға әкімдік ескерту жасайды, сондай-ақ олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы баспасөз конференциясында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышев мәлімдеді.

"Астана қаласы әкімінің лифт шаруашылығын тексеруге қатысты берген тапсырмасы барысында басқарма "Лифт Строй", "Лифт Профи НС", "Лифтстройсервис", "Союз лифт", "Лифттревэл", "Астана сити лифт", "Лифт КЗ" компанияларына лифт шаруашылығын тексеруге қатысты ресми хат жолдаған. Биылғы жылдың 22 қарашасына дейін 391 көп пәтерлі тұрғын үйдегі 2050 лифт тексеріліп үлгерген. Лифт қызметіне жауапты компанияларға тексеру барысында анықталған ескертулерді жою туралы хабарлама жіберілді", – деді басқарма басшысы.

Қызмет көрсету ұйымдарының жұмысындағы ең көп кездескен кемшіліктер –диспетчерлік кері байланыстың жоқтығына, машина орналасатын имаратқа су ағу, лифт шахтасындағы жарық пен желдету жүйесіне қатысты болды.

Көп қабатты үйлердегі қалған 2760 лифтіге күн сайын тексеріс жүргізіліп жатыр.

"Заңнамадағы қайшылықтар жергілікті атқарушы органдарға аталған бағыт бойынша толық бақылау жасауға мүмкіндік бермей отыр. Мемлекеттік инспектор мәртебесінің болмауынан және кәсіпкерлік кодексте өкілеттіліктің көрсетілмеуінен басқарма мамандары лифт ұйымдарына тексеріс жүргізе алмайды. Бұл факті қазір мәжілісте қаралып жатыр. Штатты бергенмен, мемлекеттік инспектор мәртебесі берілмей отыр. Алайда осыған қарамастан, қаладағы бар лифтіге тексеріс жасап жатырмыз", – деп атап кетті Төлеген Құлышев.

Басқарма тұрғындар тарапынан шағымның азайғанын айтып отыр. Егер осыдан бір жыл бұрын көп қабатты үйлердің тұрғындарынан аптасына 40-50 шағым түскен болса, қазір тек үш шағым ғана түскен.

"5-6 компанияның ғана қызмет көрсетуінде кемшілік бар. Оларға ескерту жасап, уақыт бердік. Егер тап осындай жағдай қайталанатын болса, онда ІІД-мен бірлесіп тексеру жүргізіледі. Тіпті қылмыстық іс қозғалуы мүмкін", – деді Төлеген Құлышев.

Астананың лифт қорында 6653 лифт бар, оларға 69 арнайы ұйым қызмет көрсетеді. Тұрғын үйлерде 4910 лифт жұмыс істейді.

Биылғы жылы "Өңірлерді дамыту-2020" бағдарламасы бойынша "Өркен қала" ЖШС-ы қайтарма төлемдер есебінен елордадағы үш үйдің бес лифтісін айырбастаған.

Дегенмен Астана әкімдігі пайдалану мерзімі асып кеткен лифтілер қанша екенін айта алмады. Жергілікті атқарушы орган бұл мәліметтерді лифт шаруашылығын техникалық паспорттағаннан кейін анықтауға уәде етті.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу