Астана әкімі апатты мектептердің орнына жаңасын тұрғызуға уәде етті

2066

Елордада биыл орта білім ордаларынан 9 мыңнан астам түлек түлеп ұшады. Бірақ олардың орнын 2,8 есе көп балдырған басады.

Астана әкімі апатты мектептердің орнына жаңасын тұрғызуға уәде етті Фото: inbusiness.kz

Ұлттық статистикалық бюро қызықты дерегін жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, 2022-2023 оқу жылында Қазақстан бойынша 11 сыныпты 168 мың 306 бала бітіреді. Бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы рекорд саналады.

Себебі, елімізде мектеп түлектерінің жалпы саны сонау 2012-2013 жылы шырқау шегіне жетіп, тарихи меже белгіленді: сонда бірден 168 мың 774 оқушы білім ордасымен қоштасты.

Содан бері түлектер саны тек төмендей берді. Тек 2018-2019 оқу жылында өсу тренді басталды: 143 089 түлек. Келесі 2019-2020 жылдары 11 сыныпты бітірушілер саны 117 204 шәкіртке дейін азайғанымен, әрі қарай өсім жалғасын тапты. 2020-2021 жылы – 140 643, 2021-2022 оқу жылы 161 430 оқушы мектеппен қош айтысты. Енді он жылдағы рекорд тіркелгелі тұр.

Бас қаламыз Астананың бұл көрсеткіштері бұрынғы жылдары бірқалыпты болатын және 3-3,5 мыңды айналсоқтады. Ал он жыл бұрын жақсы өсім серпіні басталды.

Соңғы онжылдықта елордамыздағы мектептердің 11 сыныбын бітіргендер саны:  

2013-2014 жылы – 3 944 түлек;

2014-2015 жылы – 4 042 түлек;

2015-2016 жылы – 4 407 түлек;

2016-2017 жылы – 4 965 түлек;

2017-2018 жылы – 4 931 түлек;

2018-2019 жылы – 6 379 түлек;

2019-2020 жылы – 5 419 түлек;

2020-2021 жылы – 7 067 түлек;

2021-2022 жылы – 8 435 түлек;

2022-2023 жылы – 9 148 түлек.

Айтпақшы, Астана бүгінде мектеп бітірушілердің саны бойынша жалпыреспубликалық рейтингте қалалар арасындағы үштіктен нық орын алды.

9 148 түлегі бар бас қаладан бұл көрсеткіш жөнінен енді тек Алматы қаласы (2023 жылы 14 770 оқушы мептеп бітіреді) және Шымкент қаласы (11 691) ғана алда. Бұрын елорда Түркістанға, Қарағандыға жол беретін.

Қазіргі кезде елордалық мектептерде сабақтар аяқталып қалды. Оқушылар кітаптарын кітапханаға өткізіп тастады. Сонымен бір мезгілде Астанада алдағы оқу жылының 1 сыныбына құжаттар қабылдау жұмысы қызу жүріп жатыр.

Бұған дейін Астана қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева хабарлағандай, орта білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады.

"Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, қызмет көрсететін аумақта тұратын 6 жастағы немесе биыл 6 жасқа толатын балаларды 1 сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді. Мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектептер бірінші сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсету мақсатында 1 сыныпқа қабылдау бойынша комиссия құрылды", – деді Маржангүл Жамбылқызы.

Ата-аналар құжаттарын eGov.kz веб-порталы арқылы тапсырады.

Бірінші сыныпқа қажетті құжаттар: ата-анадан өтініш; баланың туу туралы куәлігі; денсаулық жағдайы туралы анықтама (№ 063/у және "Бала денсаулығы паспорты" 026/у-3); баланың 3х4 см өлшеміндегі 2 дана фотосуретi. Мектептердің ата-анадан тізбеде көрсетілмеген өзге құжаттарды талап етуге құқығы жоқ.

Шетел азаматтары мен Қазақстан аумағында тұратын азаматтығы жоқ адамдардың балаларын орналастыру үшін бос оқушы орындары бар білім беру ұйымы анықталады және олардан өтініш келіп түскен күннен 3 жұмыс күні ішінде жолдама беріледі.

Басқарма басшысы орынбасарының түсіндіруінше, егер құжаттар топтамасы толық ұсынылмаса; құжаттарының дұрыс еместігі анықталса; сыныптар толып қалса, онда 1 сыныпқа құжат қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.

Бір қарағанда, алдағы аптада елордада 9 мыңнан астам шәкірт түлеп ұшқан соң көп орын бос қалады. Ендеше мектеп табалдырығын енді аттайтын бүлдіршін шәкірттерге соның өзі жетпей ме? Жетпейді екен.

Маржангүл Қайырбаеваның мәліметінше, алдын ала болжамға сәйкес, биылғы 2023-2024 оқу жылына бірінші сыныпқа 26 мыңға жуық бала келеді деп күтіліп отыр. Яғни, өз өмірінде мектеп есігін алғаш ашатын балақайлар саны парталарды босатқан ағаларынан 2,8 есе асып түспек.    

Бірақ бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені жаз бойы Қазақстанның әр түкпірінен бас қалаға жаңа отбасылар көшіп келері сөзсіз. Егер олар алдағы екі айда елордада тұрақты тіркеуге тұрып үлгерсе, онда мектеп жасына жеткен балалары да біріншісыныптықтар қатарын толықтырады.

Олай болса, Астанадағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесі ушығады ма? Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің командасы бұған жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауда.

Санитарлық қағидалар бойынша 1 сыныптағы оқушылар саны 25 баладан аспауға тиіс. Алайда демографиялық және көші-қон процестері нәтижесінде бас қала тұрғындары саны жыл санап, үлкен қарқынмен өсіп келеді. Осының арқасында сыныптардың толуы біраз білім ордасында 25 оқушыдан асады.

Сондықтан әкім Жеңіс Қасымбектің айтуынша, оқушы орындарының тапшылығын жою үшін биылғы 2023 жылы 11 мектеп іске қосылады. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қалғандары шәкірттерге өз есігін келесі жылы ашады.

Астана әкімі апатты мектептердің жаңаларына ауыстырылатынына уәде етті.

"Қалада бүгінде 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін алдағы оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар мектептің құрылыс барысымен өзім таныстым. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Көксеңгір көшесінің бойында, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан", – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Мәселен, оның мәліметінше, Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы жаңа білім ордасы сонау 87 жыл бұрын тұрғызылған ескі мектепті алмастырмақ. Мұны шын мәнінде тарихи оқиға деуге болады. Жаңа оқу орны екі ауысымда 2 400 оқушыға білім беруге арналған.

Жұртшылық "Кирпичный" атап кеткен тұрғын үй алабындағы, Көксеңгір көшесіндегі мектеп осыған дейін апатты деп танылған болатын. Оның орнында енді жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Әзірге бұл елді мекенде басқа мектеп жоқ, сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқыды. Яғни, жаңа мектеп ашылса, бұл оқиға сол аудандағы барша ата-аналар мен жасөскіндердің биылғы басты бір қуанышына айналары даусыз.

Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысындағы, сондай-ақ Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы жаңа білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымда оқу проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Өйткені әлеуметтік желілердегі астаналықтардың оқушы орындарының тапшылығына қатысты көптеген шағымы дәл осыларға қатысты болып келеді. Ендеше алда әлеуметтік желідегі ұзақ жылға созылған қоғамдық пікір дүрбелеңі мен бораған арыздардың дауы қазіргі әкім тұсында басылады деген үміт бар. Бой көтеріп жатқан осы екі мектептің әрқайсысы екі ауысымда 2 400 оқушыны қабылдай алады. Тиісінше, №85 және №89 лицейлерінен де осыған жуық оқушы жаңаларына кете алады.

Бұдан бөлек, тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Астана әкімдігінің қолдауымен елордада "Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында алдағы екі жылда бас қалада 24 жаңа мектеп салынады.

Қазақ халқы баланы көңілдің гүліне, өмірдің нұрына теңейді. "Баланың бесігі кең дүниенің есігі", "Ата-ана – бәйтерек, бала – жапырақ" деп жас ұрпақтың қамын, ұлт болашағын бәрінен биік қояды. Сол себепті мемлекеттің балаларды лайықты біліммен қамтуға күш салып жатқаны елді сүйсінтсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу