Астанада мыңға жуық мұғалім тапшы – сарапшы

7873

Жаңа оқу жылының басталуына да аз қалды, ал мектептерге қатысты жағдай мүшкіл.

Астанада мыңға жуық мұғалім тапшы  –  сарапшы

Нұр-Сұлтан қаласында 4 жаңа мектеп салынып жатыр. Ал қажеттілік 30 орта мектеп. Биылғы жылы елорда оқушыларының саны былтырғымен салыстырғанда 20 мыңға артады. Елордадағы қиындық тек мектептің жетіспеушілігінде ғана емес, сонымен қатар мұғалімдердің жетіспеуінде болып отыр. Астанада мыңға жуық мұғалім тапшы.  Таңқаларлығы, астанада әлі күнге дейін педагогикалық ЖОО жоқ. ЛРТ салуға ақша жетеді, ал мектеп пен пединституттар салуға ақша жоқ.

Алматыда да жағдай мәз емес. Былтырғы жылмен салыстырғанда оңтүстік астанадағы оқушылар саны биыл 15 мыңға артады. Бүгінгі күні 20-дан астам мектеп қажет. Егер былтырғы жылы Алматыдағы бірінші сыныпқа барғандар саны 25 мыңнан асқан болса, ал биыл олардың саны 32 мың.

Ақтөбенің 7 мектебі  әлі күнге дейін үш ауысымда оқиды. Соңғы 12 жылда мектеп жасындағы балалар саны екі есе өскен!

Ал Атыраудағы жағдай мүлдем нашар. Қалада 13 мектеп қана бар. Бүгінде жағдай қалай өзгергенін білмеймін, алайда бір жыл бұрын №35 мектепте төрт ауысымда оқыған болатын. Мұның барлығы мұнайлы өңірде болып жатқан жайт.

Сондай-ақ басқа да өңірлерде қиындықтар бар. Әсіресе, Орал қаласы, Маңғыстау, Қызылорда және Түркістан облыстарында. Еліміз бойынша небәрі 31 апатты мектеп бар, ал 128 мектеп үш ауысымда оқиды. Қазақстан бойынша мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы 196 мың.

Қазіргі үш және төрт ауысымдағы оқыту – ескінің қалдығы, одан құтылу қажет. Дамыған елдер қатарына ұмтылып отырған ел бір ауысымдағы оқытуға көшу керек. Алдыңғы қатарлы елдердің мектептеріндегі бір ауысымдық оқыту – білім беру жүйесінің негізі болып табылады.

Мақсат Имандосов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу