Астанада пара хоккейден әлем чемпионаты басталды

263

6 команда үздік дивизионға жолдама үшін сынға түсуде, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Астанада пара хоккейден әлем чемпионаты басталды Фото: Astana News

Астанадағы "Тарлан" спорт кешенінде пара хоккейден әлем чемпионаты өтіп жатыр. 

Жарысқа Қазақстан, Жапония, Швеция, Италия, Франция және Финляндия құрамалары қатысуда. 
Ережеге сәйкес, әр команда 5 ойын өткізіп, барлық қарсыласымен кездеседі.

Екі үздік құрама "А" дивизионына жолдама алады, ал соңғы орынды иеленген команда "С" дивизионына түседі.

Айта кетейік, "В" тобы арасындағы әлем чемпионаты Астанада екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін дәл осындай турнир 2023 жылы өткен болатын. 

Халықаралық пара хоккей федерациясының техникалық делегаттар жетекшісі Питер Андерссонның айтуынша, осы чемпионаттың үздік командалары Паралимпиадаға жолдама үшін іріктеу кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алады.

"Осы жолғы жарыстар жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Бұл чемпионат – маусымдағы маңызды турнирлердің бірі. Оның аясында 2026 жылғы Милан-Кортинадағы XIV қысқы Паралимпиада ойындарының іріктеу турниріне екі жолдама беріледі. Іріктеу кезеңі 2025 жылғы 5-10 қараша аралығында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Сол жерде Паралимпиадаға қатысу лицензиялары сарапқа салынады", – деді ол. 

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

"2024 жылдан бастап пара хоккей бойынша ұлттық штаттық құрама құрылды. Соның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысу үлесі жыл сайын артып келеді", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу