Астанада стадион дауына байланысты мемлекеттік мекеме басшылары сотталды

962

Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның орнына бой көтеретін жаңа стадион 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 

Астанада стадион дауына байланысты мемлекеттік мекеме басшылары сотталды Фото: Википедия

Стадион дауына байланысты сотталған және айыппұл арқалаған тұлғалардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметтік лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Астанада мемлекеттік органдардың басшылары жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен пара алу (ҚР ҚК 366-бабы) бойынша сотталғандар:
- Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бейсенқанов Б. 5 жылға бас бостандығынан айыру;
- құрылыс бөлімінің басшысы Жанғасқанов А. 4,5 жылға бас бостандығынан айыру;
- ІМАД әкімшілік басшысының орынбасары Г. Айтжанова 60 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс;
- ІМАД бас маман Әбішева А.-ға 90 млн теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін (ҚК 361-бабы) Астана қаласының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ж.Мұрзахметов 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылды.

Аталмыш тұлғалар өмір бойы мемлекеттік қызметтік лауазымдарды атқару құқығынан айырылады.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионды қауіпті деп тану туралы құжаттаманы бекіткені үшін құрылыс ұйымының өкілдерінен 5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген болатын. Ал ІМАД басшысының орынбасары мен бас маманы аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін жеке компания өкілдерінен 2 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталды.

Астана құрылыс басқармасының басшысы мен оның орынбасарына қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылды. Олар құрылыс компаниясын құны 21 миллион теңгеден асатын материалдық құндылықтарды сатып алуға көндірді. Сондай-ақ құрылыс бөлімінің басшысына мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актісіне еш кедергісіз қол қою үшін ЖШС басшылығынан 400 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылды.

Дәл осындай үкіммен жеке құрылыс компаниясының өкілдері жоғарыда аталған шенеуніктердің барлығына пара бергені үшін жалпы сомасы 500 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалады. Қылмыстық кодекстің 41-бабына сәйкес, егер айыппұл белгіленген мерзімде төленбесе, жаза бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Еске салайық, өткен жылдың шілде айында "Антикор" елордадағы Мұңайтпасов стадионын қауіпті деп тануға көмектескені үшін пара алу фактісіне қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын.

Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның орнына бой көтеретін жаңа стадион 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы елорданың дене шынықтыру және спорт басқармасы биылғы жылдың тамыз айында мәлімдеген болатын.

"Объектіге 2020 жылы жүргізілген техникалық тексерістер мәліметтері бойынша стадионның қолданыстағы трибуналары апатты жағдайда. Құрылыс құрылымдарының тозғандығы анықталған. Бұл адамдардың жұмыс істеуіне қауіп төндіреді. Осыған орай, стадионды қайта жөндеуден өткізудің орнына, толығымен бұзып, жаңа стадион салу жоспарлануда. Бұл құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақытын ұлғайтады. Бүгінде құрылыс басқармасы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Стадион УЕФА-3 стандарты бойынша салынады. Оның сыйымдылығы 4500 адамды қамтиды. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталуға жақын. Жоба сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады. Құрылыстың нормативтік мерзімі кемінде 18-24 айды құрайтын болады. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылға жоспарланған", - деп мәлімдеді елорданың дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу