Астанада төтенше жағдай жарияланды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9262

Елорда әкімі астаналықтар мен қала қонақтарына ауа райының бұзылуына байланысты үйден шықпауға кеңес берді.

Астанада төтенше жағдай жарияланды

Табиғи жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің шешімімен бас шаһарда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада: "Өрт сөндіру қызметі, жедел медициналық жәрдем, Астана қаласының ІІД, ТЖД, коммуналдық қызметтер сияқты қала тіршілігін қамтамасыз ету мекемелерінен өзге мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, кәсіпкерлік (базарлар, СОСО) және құрылыс нысандарының басшыларына қызметті уақытша тоқтатуды ұсынамыз", – деп жазылған.

Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты Әсет Исекешев фейсбуктегі парақшасына: "Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары! Ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында көшеде барынша абай болуды сұраймыз. Аса қажеттілік болмаса, мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес береміз. Бұрқасын жел болған жағдайда далада қалған болсаңыз, қауіпсіздік шараларын сақтауларыңыз қажет", – деген пікір қалдырды.

Қала әкімі өзінің жазбасында құрылыс алаңдарынан аулақ жүріп, жарнама ілінген тақталардан сақтанып, электр сымдары мен ағаштардан айналып өту қажеттігіне назар аударды.

"Төтенше жағдайлар департаменті кез келген жағдайда 112 нөміріне хабарласуды сұрайды. Дәл қазір қаладағы барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде", – деп жазды қала әкімі.

10 қаңтар күні қала әкімінің сайты "Қазгидрометке" сілтеме жасап, Астанада 3 күн бұрқасын болатынын жариялаған. Онда: "11 қаңтарға арналған болжам бойынша көшпелі бұлт жүріп, қар жауады, боран соғып, көктайғақ болады. Синоптиктердің болжауына қарағанда, 12 қаңтар күні бұрқасынның беті қайта бастайды. Батыстан, солтүстік-батыстан секундына 9-14 метрлік жел соғып, түнде ауа температурасы -11...-13 градусқа дейін төмендейді", – делінген. Ал бүгін "Қазгидромет" РМК 11-13 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады. "Қазақстан аумағынан алдағы үш тәулікте биіктік циклонға байланысты ауа ағыны өтеді. Осыған орай көптеген облыста қар жауып, батыстан, солтүстік-батыстан күшті жел тұрады, орталық және шығыс облыстарда боран соғады, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста көктайғақ болады", – деп мәлімделген хабарламада.

Синоптиктердің сөзінше, Скандинав түбегінің солтүстігінде суық антициклон қалыптасқан. Ол оңтүстік-шығыс бағытпен жылжып, 13 қаңтарда Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасының күрт төмендеуіне әкеп соқтырады.

Астанада жарияланған төтенше жағдайға байланысты азаматтық авиация комитеті: "Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ауа райына байланысты ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана уақытымен 13:00-ге дейін жабылды. Жолаушыларға рейстері туралы ақпаратты әуе компанияларының cal-орталықтарынан анықтауға кеңес береміз", – деп хабарлаcа, "Жолаушылар тасымалы" АҚ вокзалдарда тәуліктік кезекшілік құрылып, жолаушылардың діттеген жеріне дер уақытында жетуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

"Бүгін мындай бағытта қатынайтын пойыздарға билеттер бар: - Астана-Павлодар (715 орын); - Павлодар-Астана (410); - Астана-Қарағанды (2404); - Қарағанды-Астана (487); - Астана-Көкшетау (211); - Көкшетау-Астана (1482). "Қажет болған жағдайда жолаушылар легі жоғары бағыттарға қосымша вагондар бөлінетін болады", – деп мәлімдеді компания. Ал Алматы әуежайы ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанаға қонуы тиісті ұшақтардың жартысын қабылдады. Бұл туралы "Алматы Халықаралық әуежайы" АҚ басшысы Айбол Бекмұхамбетов: "Алматы әуежайы Астана ұшақтарын запастағы аэродром ретінде қондырып жатыр. Астанада қатты жел соғып жатыр. Сондықтан әуежай ұшақтарды қабылдай алмайды", – деді.

Өз кезегінде қалалық білім басқармасы: "Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласы мектептерінің екінші ауысымындағы 0-11-сынып оқушыларына және колледждегі 1-2 курс студенттері үшін сабақ болмайды", – деген ақпарат таратты.

Ұйытқып соққан жел С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың шатырын жұлып кетті. "Ailand" отбасылық демалыс орталығының алдындағы шыршаны құлатты. Ал әлеуметтік желілерге көпқабатты тұрғын үйдің қираған балконы, құлаған аялдама және автомобильдің үстіне түскен металл бейнеленген видео жүктелді.

ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір тәулікте Астанада 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

"Ауа райының нашарлауына байланысты барлық автокөлік түрлерінің қаладан шығуына шектеу қойылды. Өткен тәулікте 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, біраз адам жарақат алды, қаза тапқандар жоқ", – деп хабарлады

Қауіпсіздік мақсатында "Астана LRT" қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктерді тоқтатты.

"Құрметті қоғамдық көлікті пайдаланушылар! Ауа райының қолайсыздығы мен тас жолдардың жабылуына байланысты қала маңы бағыты бойынша қатынайтын № 300, № 301, № 302, № 305, № 306, № 307, № 308, № 309, № 310, № 311, № 312, № 315 және № 316 бағдарларының жүрісі уақытша тоқтатылды", – деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі. Ал "Қазақавтожол" РМК Қазақстанның төрт облысында жол жабылғанын жариялады.

Астанада сағат 01:00-ден бастап ауа райының күрт нашарлауына байланысты барлық көлік құралдары үшін барлық бағыттағы қозғалысқа шектеу қойылды. Ақмола облысында таңғы сағат 08:30-дан бастап ауа райының күрт құбылуы салдарынан барлық көлік құралдарының түрлері үшін жол жабылды. Қарағанды облысында 08:00-ден бастап боран мен көру мүмкіншілігінің шектелуіне байланысты автокөлік құралдарының барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынды. Қызылорда облысында 00:30-дан бастап көктайғақ салдарынан республикалық маңызы бар "Самара-Шымкент" тасжолының 1630-1720 шақырым аралығында (Қорқыт кесенесінен Бұқарбай батыр ауылына дейін) автокөлік құралдарының барлық түрлері үшін жол қозғалысы шектелді. Павлодар облысында сағат 00:43-тен басап ауа райының қолайсыздығына (желдің күшебі, боран, жолдың көрінбеуі) "Астана-Шідерті" автожолының 205-259 шақырым аралығында (Шідерті кентінен Ақмола облысына дейін) барлық автокөлік құралдарының түрлеріне қозғалыс жабылды.  

Астана қаласы ТЖ департаменті ТЖД бастығының орынбасары М. Аманбаевтың айтуынша, табиғаттың тосын мінезімен күресуге  221 адам және жоғары өтімділігі бар 43 бірлік техника, сондай-ақ қаланың коммуналдық қызметінің 1367 жұмысшысы мен 618 бірлік техникасы жұмылдырылған.

"Қазіргі таңда  қаланың периметрі бойынша айналма жолда өтіміділігі жоғары көлік құралдарымен патрульдеу жүргізілуде. Осы уақытқа дейін тас жолдан 30 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды. "112" телефон нөміріне  жабылған тас жолдар мен көмек көрсету қажеттілігі бойынша 3100 қоңырау мен 850 хабарлама түсті", – деді ТЖД бастығының орынбасары.

Қарағанды облысында да жағдай мәз емес. Таңғы 8:00-ден бастап Қарағандыдан шығатын барлық жол жабылды. Өткен түн құтқарушылар үшін мазасыз болды. Төтенше жағдайлар қызметі облыстың әр өңірінен қалың қардың құрсауынан шыға алмай қалған көліктердегі 20 адамды құтқарды.

"Қазіргі уақытта барлық жолдар жабылған, дегенмен облыс тұрғындарына жолға шықпауға кеңес береміз. Қандайда бір төтенше жағдай бола қалса, 112 нөміріне қоңырау шалып көмек сұрауларыңызға болады. Төтенше жағдайлар департаментінің барлық құрылымдары сақадай сай тұр", – деді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова.

Ат құлағы көрінбейтін ақ түтектің салдарынан Сарыарқа әуе жайындағы күндізгі ұшақ рейстері кейінге қалдырылды.

Түс кезінде Дубовская, 44 мекенжайындағы ғимараттың  шатыры ұшып кетті. Бұл ғимаратта өндірістік сауда компаниясы орналасқан. Құтқарушыларға шатырдың құлағаны жөнінде хабар түспегендіктен, оқиға орын алған жерге құтқару тобы бармаған. 

Павлодар облысында да қатты жел мен бұрқасының салдарынан барлық бағыттағы автомобиль жолдары жабылып, әуе қатынасында қиындық туды. Бұған қоса екінші ауысымда оқитын 1-4 сынып оқушылары сабақтан босатылды.

"Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы синоптиктерінің хабарлауынша, бүгін Павлодарда  ауа температурасы -6 градусты көрсетіп, желдің жылдамдығы секундына 12-22 метрге, кей жерлерде 30 метрге дейін жетті. Қатты жел мен бұрқасын, көктайғақ салдарынан барлық бағыттағы көлік қозғалысы тоқтатылды.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты түнде "Астана-Ерейментау-Шідерті" автожолы бойындағы Шідерті мен Ақмола арасындағы учаске жабылды. Ал бүгін күндіз Павлодар облысындағы барлық бағыттағы тасжолмен қатынауға шектеу қойылды. Әзірге оқыс оқиғалар мен жолда тұрғындардың қалып қоюы туралы мәлімет түскен жоқ. Жұртшылықтың  ауыл-қалалардан шықпай, алдын алу шараларын сақтауын сұраймыз", – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Марал Сағынаева.

Жолаушылардың әуе жолымен қатынауына да мүмкіндік болмай тұр. Алматы-Павлодар-Алматы және Астана-Павлодар-Астана бағытындағы ұшақтардың жолға шығуы кейінге шегерілді.

"Эйр Астана" компаниясының №307-308 рейсі бүгін 9.55-де Алматыдан ұшып, 10.55-те Павлодарға қонуы тиіс еді. Алайда жолаушылар ертең ғана ұшуы мүмкін. Оған қатты жел мен ұшып-қону жолағымен ілінудің коэффиценті төмен болуы себеп. "Скат" әуе компаниясының  №719-720 рейсі, яғни Астана-Павлодар-Астана бағытындағы ұшақ та кестеге сәйкес бүгін таңертең жолға шығуы керек болатын. Бірақ Астана қаласындағы әуежай метеорологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты 15.00-ге дейін жабық", – деп хабарлады "Аэропорт Павлодар" АҚ Басқарма төрағасы Марат Шишов.

Шығыс Қазақстан облыстық  "Қазгидромет" мекемесінің жергілікті бөлімшесінің мәлімдеуінше, Астананың бораны Шығыс Қазақстан өңіріне  12 қаңтарда жетеді.

"9-14 м\с жылдамдықпен жел соғады деп күтілуде. Кейбір жерлерде желдің жылдамдығы 18-23м\с-ге дейін үдеп, қарлы боран ұйытқуы мүмкін", – деп хабарлады "Қазгидромет" қызметкерлері.

Күндізгі сағат 12:00-ден бастап Шығыс Қазақстан бойынша халықаралық Омбы-Майқапшағай жолының 667-587 шақырым жабылды.

"Бұл Бесқарағай ауданының Павлодар облысымен шекараласқан тұсы. Басқа бағыттардың барлығында жол әзірге ашық" – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы Нұрбек Тұраров.

Абылай Бейбарыс, Арайлым Еркебаева, Ақтоты Қабдықайыр, Есімжан Нақтыбайұлы

Абылай Бейбарыс, Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу