Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен XIV республикалық Qazaqstan Barysy турнирі өтеді. Бұл – ел намысын арқалаған ең мықты балуандардың бозкілемдегі шешуші айқасы, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған айтулы дода Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. Турнирге облыстық іріктеу сайыстарының жеңімпаздары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының үздік спортшылары қатысады.
Бұдан бөлек, өткен жылғы "Қазақстан Барысы" турнирінің жеңімпазы мен "Әскер Барысы" жарысының 2 балуаны да бозкілемге шығады. Жалпы 43 балуан күш сынасады.
Айта кетейік, биыл "Қазақстан Барысы" республикалық турниріне жолдама алған екі балуан Астана қаласының намысын қорғайды. Олар: Олжас Шынкеев пен Мейіржан Сламшаиков.
Бұл спортшылар елорда төрінде өткен республикалық турнирге іріктеу жарысы – "Астана Барысы" қалалық турнирінде жеңімпаз атанып, ел біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алған болатын.
Турнир қорытындысы бойынша үздік спортшы анықталып, қазақ күресінің ең мәртебелі атағы – "Тайтұяқ" пен 15 миллион теңге көлеміндегі бас жүлде табысталады.
Көрермендер үшін билеттер ticketon.kz сайтында қолжетімді.