Астанада жаңа жол белгісі пайда болды

5820

Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы тасжол сары түсті торкөзбен таңбаланды. 

Астанада жаңа жол белгісі пайда болды

Астана қаласының ішкі істер департаменті 2 қыркүйектен бастап Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысына ілкі жоба ретінде сары сызықпен сызылған торкөз түріндегі жаңа жол белгісін орнатқаны туралы ақпарат WhatsApp арқылы тарады. Бұл белгі жоғарыда аты аталған көшелердегі кептелістің алдын алу, көшенің көлік өткізу мүмкіндігін арттыру сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту үшін қажет екен.

Көлік жүргізушілеріне сары сызықпен сызылған торкөзді басып тоқтауға болмайды. Талапты орындамаған жүргізушілер полициядан "бақыт хатын" алады. Көлік жүргізушілерінің жаңа жол белгісін басқанын немесе баспағанын жол бойындағы бақылау камералары қадағалайды.  

Тасжолдың үстіне жаңа жол белгісі салынғаны туралы ескерту белгісі 30 метр жерге орнатылады. Жаңа жол белгісі сары торкөз түрінде жолдың оң жағында тұрады.

Кептеліс кезінде жаңа жол белгісін басып тоқтаған жүргізушілер бір емес бірнеше жол ережесін бұзады. Көбінесе олар бағдаршамның жасыл түсі жыпылықтаған кезде қиылыстан өтіп кетіп, жолдың қақ ортасына келіп тоқтайды. Осылайша басуға болмайтын сызықты басып тұрып, қарсы беттегі көліктердің өтуін күтеді. Ал бағдаршамның қызыл түсі жанған кезде кері бұрылады. Сары сызықпен сызылған торкөз түріндегі жаңа жол белгісі осындай заңсыздықтарға тосқауыл қояды.

Айтпақшы көлік жүргізушілеріне жаңа жол белгісін бір-ақ жағдайда ғана басуға және оның үстіне тоқтауға рұқсат берілген. Көлік жүргізушісі оңға бұрылатын болса, жаяу жүргінші өтіп кеткенге дейін сары сызықпен сызылған торкөзді басып тұра алады. Бұл үшін айыппұл төлемейді.

Солға бұрылған кезде көлік жүргізушісі қарсы беттегі көлікті және жаяу жүргіншіні өткізуге тиіс. Мұндағы ерекшелік, солға бұрылған кезде жаңа жол белгісін басуға болмайды.

Жұрт жаңа жол белгісіне "вафельница" деп ат қойып алыпты. Тағамның бұл түріне қандай қатысы бар деген сұраққа көпшілік: "жол белгісінің торкөздері қолдан пісіретін вафельдің сыртына ұқсайды" деп жауап берген көрінеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу