Астанада және өңірлерде газ тапшылығы болмайды – Энергетика министрлігі

268

Аталған жағдай Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында.

Астанада және өңірлерде газ тапшылығы болмайды – Энергетика министрлігі Фото: yuz.uz

Орынбор газ өңдеу зауыты жұмысының тоқтатылуы Қазақстанға газдың жеткізілуіне кері әсерін тигізген жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытында (ГӨЗ) шикізат қабылдау уақытша тоқтатылуынан туындаған жағдайға байланысты ресми түсініктеме жасады. 

Ведомство атап өткендей, БАҚ пен әлеуметтік желілерде таралған "Астана мен басқа да өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін" деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

– Қазір елдің газдандырылған өңірлеріне, соның ішінде елордаға газ қалыпты режимде, толық көлемде және еш шектеусіз жеткізіліп келеді. Газ жеткізудің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер есебінен қамтамасыз етіліп жатыр. Жеткізілмеген газ көлемі қолданыстағы келісімшарт аясында жедел түрде толықтырылуда. Сондықтан ішкі тұтынушыларға, оның ішінде елордалық ЖЭО-да газ тапшылығы жоқ және болашақта да болмайды, – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, серіктестердің ақпаратына сәйкес, жақын арада Орынбор ГӨЗ-де газ қабылдау қайта басталады деп күтіліп отыр. 

– Уақытша шектеулерге байланысты Қарашығанақ кен орнының операторы өндіру көлемін бақылаулы түрде азайтты. Аталған шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу міндеттемелеріне әсер етпейді. ГӨЗ қалыпты жұмысына көшкеннен кейін өндіріс көлемі жоспарланған деңгейде қайта жалғасады. Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу мәселесі Үкіметтің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады және пысықталу үстінде, – деп түсіндірді ведомство.

Энергетика министрлігі азаматтар мен БАҚ-ты тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған ақпараттарға жол бермеуге шақырады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу