Астанадағы HighVill Kazakhstan қалай өртенді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3281

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өртке қатысты түсініктеме берді.

Астанадағы HighVill Kazakhstan қалай өртенді

Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мейрамбек Қайсанов өрттің шығуына не себеп болғанын нақты айтпады. Дегенмен, бірнеше нұсқа қарастырылып отырған көрінеді. Өрттің неден шыққаны туралы нақты ақпарат бүгінгі жұмыс күнінің соңына қарай белгілі болады деп сендірді. Бір анығы өрт ғимараттың ішінен басталған.

"Кеше кешкі 21 сағат 11 минутта "101" пультіне HighVill Kazakhstan ғимаратында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Бес минуттан соң оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жетті. Бірінші топ келіп жеткенде екі қабатты ғимараттың барлық периметрі қалың түтінге оранып, ашық жана бастаған. Сондай-ақ ғимараттың ішкі конструкцияларының құлағаны анықталды", – деді Мейрамбек Қайсанов.

Оның айтуынша, тілсіз жаудың өршуіне ғимараттағы тез жанғыш USB-панель, пенопаластан және пластиктен жасалған декорациялық макеттер себеп болған.

"Өрт сағат 22:45-те ауыздықталып, 01:42-те толығымен жойылды. Өрт шалған аумақ шамамен 1500 шаршы метрді құрайды. Оны өшіруге 25 техника және жеке құрамның 95 маманы жұмылдырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ", – деді ол. 

Қазіргі уақытта оқиға орнында өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеуде.

"Өртке оранған HighVill Kazakhstan ғимараты 2005 жылы пайдалануға берілген. Бұл жерде өртке қарсы тексеріс соңғы рет 2012 жылы жүргізілді. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, жоспардан тыс өрт қауіпсіздігіне қатысты арыз-шағым түскенде ғана тексере аламыз. Тағы бір айта кетерлігі, бұл кеңсе көпшілік баратын ғимараттар санатына жатпайды", – дейді Мейрамбек Қайсанов.

Деректерге сүйенсек, жыл басынан бері Астана аумағында 102 өрт тіркеліп, салдарынан 7 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алған. Былтыр дәл осы уақытта орын алған оқиға саны – 112.  Өткен жылы үш адам қайтыс болып, төрт адам жаратқат алған болатын.

"Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Астанадағы өрт саны 8,9 пайызға, жарақат алушылар 3 пайызға азайды. Өрт көп жағдайда тұрғын үй секторында орын алады. Жыл басынан бері тұрғын үй секторында 44 өрт тіркелді. Сонымен қатар, 27 көлік жанып кетті", – деді департамент басшысының орынбасары.

Жалпы, өрттің шығуына отты дұрыс пайдаланбау, электр жабдықтарын пайдалану ережелерін сақтамау, пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себеп болып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу