2019 жылы елордадағы коммуналдық қызметтердің тарифі қаншалықты арзандайды? Тұрғындар қанша теңге үнемдейді? Бұл сұрақтарға Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат Танабергенов жауап берді.
– Болат Амангелдіұлы, 1 қаңтардан бастап Астанадағы коммуналдық қызметтердің тарифі қаншалықты арзандайды?
– Елорданы "Астана-Энергия" акционерлік қоғамы жылумен қамтып отыр. Кәсіпорын 1 қаңтардан бастап жылу тарифін 4,7 пайызға төмендетеді. Ал жылуды тарату "Астана-Теплотранзит"-ке жүктелген. Бұл компания да тарифті 4,7 пайызға арзандатады. Жылуды соңғы тұтынушыларға дейін жеткізіп беретін "Астанаэнергосбыт" компаниясы. Аталған серіктестік тұрғындарға арналған тарифті 10 пайызға төмендетсе, заңды тұлғаларға арналған тарифті өзгеріссіз қалдырады.
Бас қаланы электр энергиясымен қамтып отырған "Астана-АЭК" тарифті 11 пайызға төмендетеді. Бұған дейін 1 кВт/сағатқа 3,10 теңге жұмсап келген тұрғындар, жаңа жылдан бастап 2,75 теңге шығындайтын болады.
"Астана су арнасы" да тарифті арзандатады. 2016-2020 жылдарға бекітілген тариф бойынша жергілікті халық 1 текше метр суға 44,81 теңге төлеуге тиіс. Ал келер жылы 1 текше метр суға 37,13 теңге шығындамақ. Тариф 17,1 пайызға төмендеп отыр. Сондай-ақ су тарту тарифі 10 пайызға арзандайды.
Астана аумағында коммуналдық қызмет түрлерін көрсететін "DAR Company-2008", "Сапро-Нат" деген компаниялар бар. Олар да ел президентінің тапсырмасынан тыс қалмайды.
Мәселен, жылжымалы құрамның өтуі үшін кірме жолдарды ұсынатын "DAR Company – 2008" тарифті 36,3 пайызға төмендетеді. "Сапро-Нат" Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жылу өндіру, жіберу, тасымалдау қызметін көрсетеді. Бірақ аталған субъект Астана қаласында тіркелген. Сондықтан оны біз қадағалап, реттейміз. Жаңа жылдан бастап "Сапро-Нат" компаниясы Солтүстік Қазақстандағы тарифті 5 пайызға, Павлодардағы тарифті 2,4 пайызға төмендетеді.
Сондай-ақ Астана халықаралық әуежайы да заңды тұлғаларға жылу мен су бойынша қызметтер көрсетуде. Бұл компания жылу тарифін 1,5 пайызға, су тарифін 2,7 пайызға арзандатады.
Бұдан бөлек, Астананы сұйытылған газбен қамтамасыз ететін "Астана Газ Қызмет" компаниясы бар. Ол тарифті 2 пайызға төмендетеді.
Атап өтерлігі, жылу, су және газ тарифтері тек жеке тұлғалар үшін ғана төмендетіліп отыр.
– Тарифтер бір жылға ғана арналған ба? Әлде одан кейінгі уақытта да төмендетіле ме?
– Бұл тарифтер 2019 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында ғана жарамды.
– Астаналықтар орташа есеппен коммуналдық қызметтен қанша теңге үнемдейтін болады?
– Бұл сұраққа осыдан бірнеше күн бұрын үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин жауап берді. Вице-министр 60 шаршы метрлі екі бөлмелі пәтерде тұратын астаналық тұрғынды мысалға келтірді. Оның есебінше, дәл осындай пәтерде тұратын астаналық тұрғын бүгінде орташа есеппен коммуналдық қызметтерге 10 666 теңге шығындап отыр. Ал 1 қаңтардан бастап 1 062 теңге үнемдеп, 9 604 теңге төлейтін болады. Сонда коммуналдық қызметтер төлемінен бір жылда 9 мың теңге үнемдейді.
– Тарифтер ненің есебінен төмендетіліп отыр?
– Инвестициялық бағдарламаларға арналған шараларды қысқартуға тура келді. Соның есебінен төмендетілді. Негізгі табиғи монополия субъектілері үшін 2016-2020 жылдарға тарифтер бекітілген болатын. Тарифтерді бекіту барысында инвестициялық бағдарламалар да мақұлданады. Яғни, субъект жыл сайын желілерді ауыстыру, жөндеу жүргізу бойынша тиісті жұмыстарды атқаруға тиіс. Осылайша, кейбір жұмыстар инвестициялық бағдарламадан алынып тасталды.
– Табиғи монополия субъектілері тарифтерді төмендету туралы бастаманы қалай қабылдады? Қарсылық танытқан жоқ па?
– Бұл мәселе бойынша Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, бірнеше жиын өткіздік. Коммуналдық қызметтердің тарифін төмендетудің қажеттілігін түсіндірдік. Олар бастаманы бірден қолдады десек те болады.
Фархат Әміренов