Астанадағы LRT үш жылдан кейін пайдалануға беріледі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3340

Елордада салынып жатқан LRT ең алдымен әуежай мен теміржол вокзалын байланыстыратын болады.

Астанадағы LRT үш жылдан кейін пайдалануға беріледі

Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленовтің сөзінше, Астана қаласының әкімдігі мен қытайлық консорциум бірлесіп жүзеге асырып жатқан LRT (жеңіл рельсті трамвай) жобасы 2021 жылы аяқталады. Ал консорциум қатысушыларының бірі – China Railway №2 Engineering Group Co компаниясы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензия алған. Бүгінде қадалы тіректер мен эстакадалар салынып жатыр.    

Үкімет отырысында баяндама жасаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, қазіргі таңда жобаға 121 ауыр техника тартылып, 2 262 жұмысшы жұмылдырылған. 2018 жылдың 16 маусымындағы жағдай бойынша, ұңғымаларды бұрғылау тіреуіштері 80,5%-ы, ростверктың 35%-ы, тіректер мен бағандардың 16,8%-ы, құрама біліктердің 10,1%-ы орнатылған. Депо нысандарына 2 618 қада қағылған. Жалпы жоба бойынша жұмыстардың шамамен 10%-ы аяқталған.

LRT жобасын 2018-2019 жылдары жүзеге асыруға 16,2 млрд теңге қарастырылыпты. Биыл 9,1 млрд теңге игерілуі керек, ал келер жылы 7,1 млрд теңге кәдеге жаратылуға тиіс. 2017 жылға бөлінген 69,5 млрд теңгенің 63 млрд теңгесі игерілген. Қалған 6,5 млрд теңге Астана қаласы бойынша қазынашылық департаментінің шотында жатыр. "Астана LRT" ЖШС ол ақшаны осы жылдың соңына дейін игеруді көздеп отыр. 2018 жылға бөлінген 9,1 млрд теңге кестеге сәйкес тамыз айында аударылмақ.

Еске сала кетейік, LRT Астана агломерациясын дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі.

Астана агломерациясын дамыту жоспарын орындауға республикалық бюджеттен 51 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 771,3 млн теңге қарастырылған. Руслан Дәленовтің баяндауынша, қаржыландыруды талап ететін 48 шараның 7-уі ғана қалып отыр. Оларға жұмсалатын қаржы көлемі – 23,9 млрд теңге. Қалған шаралар толықтай орындалып, бақылаудан алынып тасталған. Қазіргі уақытта өңіраралық жоспардың 10 шарасы жүзеге асырылуда.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, биыл барлық агломерацияның, оның ішінде Астана да бар, 2050 жылға дейінгі жоспарын әзірлеу қажет.

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, Астана қаласы маңындағы аумақтың сыртқы көлік жүйелерімен байланысы бар айналма жолдарды (ішкі және сыртқы) дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте, Астана қаласының сыртқы айналма жолдарын тұйықтау мақсатында "Астананың Оңтүстік–Батыс айналма жолы" автокөлік жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Автожолдың ұзындығы – 33 шақырым. Жол төрт жолақтан тұратын болады. Шарт бойынша құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталды. 2019 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, Астана агломерациясының ауданы – 2,18 мың шаршы шақырым. 2017 жылдың қорытындысы бойынша агломерация халқының саны 1,19 млн адам болды. Оның ішінде Астанада тұратыны – 1,04 млн адам.

Астана қаласы халқының тығыздығы 1 шаршы шақырымға 1,5 мың адамды құрайды. Осылайша, Астана агломерациясында бүгінде Қазақстан халқының 7%-ы тұрады.

Сондай-ақ, үкіметтің бүгінгі отырысында Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Осы жылдың 24 мамырында мемлекет басшысы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге, сондай-ақ әкімшілік кедергілер мен бизнес шығындарын қысқартуға бағытталған Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға жария түрде қол қойған болатын. Руслан Дәленовтің сөзінше, жалпы заңды іске асыру үшін 146 заңға тәуелді актіні қабылдау қажет. Оның ішінде "Doing Business" рейтингіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту үшін 24 нормативті-құқықтық актіні қабылдау маңызға ие. Бүгінде заңға тәуелді барлық актілер әзірленіп, олардың көбісі мемлекеттік органдардың келісуіне жіберілмек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу