Астана маңындағы "Қазанат" атшабарында Мемлекеттік рәміздер күні мен Құрбан айт мерекесіне орай республикалық бәйге жарысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген 50-ге жуық жүйрік тұлпар мен тәжірибелі шабандоз қатысты. Қатысушылар 9 шақырымдық "Құнан" бәйге, 16 шақырымдық "Топ" бәйге және 25 шақырымдық "Аламан" бәйге бойынша бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйақылар, екі "Changan" автокөлігі және бір бөлмелі пәтер табысталды.
Дүйім жұрт жиналған жарыстың ең тартысты әрі көпшілік асыға күткен сыны – 25 шақырымдық аламан бәйге болды.
Аламан бәйгенің жеңімпазы Астана қаласынан тігілген бас жүлде – бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Бас жүлдені Алматы облысынан келген "Бүркіт" атты сәйгүлік иеленді. Ат иесі – Ұлан Умаров, ал шабандозы – Мансұр Әлижан.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бәйге күні атшабарда аншлаг байқалып, трибуналар мен көрермендер алаңы лық толған. Жалпы жарысты тамашалауға 8,5 мыңнан астам адам жиналған.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш республикалық деңгейдегі ұлттық ат спорты жарыстарына деген халық қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Ұлттық спортты дәріптеген ауқымды іс-шара тартысты бәсекемен қатар, көрермендерінің көптігімен де ерекшеленді. 8,5 мыңнан астам адамның басын қосқан бәйге ұлттық құндылықтарды насихаттаудың және ат спортына деген қызығушылықты арттырудың маңызды алаңына айналды.