Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына қонғанға дейін Ресей Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұшақ трапының алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді.

Владимир Путин мен ресми делегация мүшелеріне екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар, Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының барабаншылары қошемет көрсетті.

Одан кейін Қазақстан мен Ресей туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.

Мемлекет басшылары келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.

29 мамырда Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.
