"Астанаға" жеңілген "Қайсар" премьер-лигадан шығып қалды

1149

Елордалық клуб қайтадан бірінші орынға көтерілді.

"Астанаға" жеңілген "Қайсар" премьер-лигадан шығып қалды

"Астана" Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясында "Қайсармен" кездесті. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 2:0 есебімен елордалық клуб жеңіске жетті. Ойынның 40-минутында "Қайсар" қақпасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Марин Томасов қақпашы Артем Леоновтан айласын асыра алмады. 74-минутта Кадетенің сол қапталдан асырған пасын Барсегян баспен қақпаға бағыттады, Леоновтан кері серпілген допты Тигран голға айналдырды. 89-минутта Марин Томасов екінші голды соғып, ойынның нүктесін қойды.

Елордалық клуб бұл жеңістен кейін 56 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Ал "Астанадан" жеңілген "Қайсар" ресми түрде Премьер-лигадан шығып қалды.

Қызылордалық клуб маусымның аяқталуына екі тур қалғанда мерзімінен бұрын Бірінші лигаға аттанды. 24 матчта небәрі 16 ұпай жинаған қызылордалық команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу мүмкіндігінен айрылды. "Қайсар" 24 ойынның небәрі үшеуінде ғана жеңіске жетті және жеті рет тең нәтижеге қол жеткізді. Маусымды Сұлтан Әбілдаевтың жетекшілігімен бастаған "Қайсар" клубы маусым ортасында тізгінді Владимир Никитенкоға сеніп тапсырды. Бірақ бұл маман да командаға көмектесе алмады.

Сонымен қатар Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясында "Жетісу" мен "Тараз" үш ұпайды сарапқа салды. Матч Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Кездесудің 67-минутында "Тараз" шабуылшысы Ненад Адамович баспен гол соғып, командасын алға шығарды. Бірақ ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда Дияс Қалыбаев есепті теңестіріп кетті. Ал 93-минутта Тимур Досмағамбетов жеңісті голды соғып, командасына үш ұпай сыйлады. Бұл ойыннан кейін талдықорғандық ұжым 12 ұпаймен ең соңғы орында қалды. "Тараз" 29 ұпаймен тоғызыншы орынға көтерілді.

Ал "Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының 24-турында "Тобылдан" жеңілді. Петропавлдағы "Қарасай" стадионында өткен матч 0:2 есебімен аяқталды.

Ойынның 33-минутында капитан Асхат Тағыбергеннің бұрыштамадан асырған пасынан кейін Игорь Сергеев баспен гол соқты. Ал 77-минутта "Қызыл-Жар" ойыншыларының пас беру кезіндегі қателігін сәтті пайдаланған Элгуджа Лобжанидзе допты Манзорроға жеткізді. Ал Жереми жерлете соққы жасап, кездесудің нүктесін қойды.

Александр Москаленко шәкірттері бұл жеңістен кейін 55 ұпаймен уақытша көш басына шықты. "Қызыл-Жар" сол баяғы төртінші орында қала берді (35 ұпай).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу