Астаналықтардың 233 163 теңге алатыны ресми расталды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17761

Елордалықтардың орташа айлық жалақысына қатысты қалалық статистика департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы мәлімдеме жасады.

Астаналықтардың 233 163 теңге алатыны ресми расталды

Осыдан бір күн бұрын Астана қаласы активінің отырысында баяндама жасаған бас қаланың әкімі Бақыт Сұлтанов елордалықтардың орташа айлық жалақысы 230 мың теңгеден асатынын айтты.

"Егер, 20 жыл бұрын орташа жалақы 10 мың теңгеге де жетпесе, қазір ол 230 мыңнан асады", – деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов.

Әкімнің бұл сөзі көптің көңіліне қонбаған секілді. Себебі қалың көпшілік мұндай айлық алмайтындарын айтып, даурығып жатты. Мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін Астана қаласы статистика департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Жанар Серікбаева мәлімдеме жасады. Ол астаналықтардың орташа айлық жалақысы Астанада ресми тіркелген мекемелер мен ұлттық компаниялардың, министрліктер мен ірі кәсіпорындардың  тоқсан сайын тапсырып отырған статистикалық есебі негізінде  анықталғанын алға тартты. Белгілі болғандай, бас қалада

2019 жылдың 1 қаңтарына дейін 73 мыңнан астам заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер және 98 мыңға жуық жеке кәсіпкер тіркелген.

"2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Астанада бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 233163 теңгені құрады. Бұл деректер тоқсан сайын қалада тіркелген кәсіпорындар мен заңды тұлғалардан жиналатын статистикалық есепке негізделген. Ол есеп 1-Т деп аталатын форма негізінде есептеледі. Әрі қарай бір қызметкердің орташа еңбекақысын есептейміз. Ол есептелген жалақы қорының сомасын (лауазымдық жалақылар, қосымша ақылар, үстеме ақылар, сыйақылар және ынталандыру және өтемақы сипатындағы өзге де төлемдер) салықтарды ескере отырып, қызметкерлердің нақты санына және есепті кезеңдегі айлардың санына бөлу жолымен анықталады", – деді Жанар Серікбаева.

Оның сөзінше, орташа айлық жалақы туралы ресми статистикалық мәліметті stat.gov.kz сайтынан көруге болады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу