Астаналықтардың ПИК-терге шағымы көбейген

2664

Жыл басынан бері 17 852 өтініш пен шағым түскен. 

Астаналықтардың ПИК-терге шағымы көбейген

Елордалық әкімдікте әкімнің орынбасары Нұрлан Нүркеновтің төрағалығымен ПИК-тер мен лифт шаруашылықтары жұмысының проблемалы мәселелері бойынша жұмыс  тобының отырысы өтті. 

"Қатысушылар тұрғын үй кешендерінің тіршілігін қамтамасыз етуге қатысты іKOMEK109 қалалық орталығына келіп түсетін астаналықтардың өтініштері мен шағымдарын, олардың орындалу барысын талқылады", – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайты.

Жиын барысында іKOMEK109 орталығы басшысының орынбасары Дина Темірғалиева көппәтерлі тұрғын үйлердің тіршілігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты өтініштер туралы хабардар етті.

Биылғы жылдың басынан бері 17 852 өтініш пен шағым, ал 13 тамыз бен 20 тамыз аралығында 454 өтініш-шағым келіп түсті, бұл өткен апталардағымен салыстырғанда 12,3%-ға  көп.

Өтініштердің көпшілігі сумен, жылумен, электрмен жабдықтау және санитарлық тазалауға қатысты болды.  Атап айтқанда, келіп түскен өтініштердің көп бөлігі "Тұрмыс" ЖШС, "Астана Жил Сервис" ПИК, "Целинный" ПИК, "Лакшери Консьерж Астана" ЖШС сияқты ПИК-терге қатысты болды.

Сонымен қатар 13 тамыз бен  20 тамыз аралығындағы кезеңде iKOMEK109 қалалық орталығына лифт ұйымдарының мәселелері бойынша 60 өтініш қабылданып, олардың 22-сі адамды эвакуациялау және лифтінің тоқтап қалуына қатысты болған. Барлық өтініштің жартысынан көбі қызмет көрсетуші компанияларға қатысты.

Билғы  жылдың басынан бері қала әкімдігі қаланың барлық лифтісін тексеруден өткізді. Осының нәтижесінде  78 лифтінің қанағаттанарлықсыз күйде екені, оның ішінде 2 лифтінің пайдалану мерзіміне байланысты тоқтап тұрғаны анықталды. 76 лифтіге жөндеу жұмыстары жүргізілді.  

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы аудандық әкімдіктермен бірлесіп, электр қозғалтқыштарын, есік роликтерін жөндеу бойынша жұмыс жүргізіп, лифтіні тазалау және басқару блогын баптауды орындады. Қазіргі таңда 5 КПТҮ-нің  12 лифтісі ауыстырылды.

Сонымен қатар лифт ұйымдары қауымдастығының авариялық қызмет өкілдері тарапынан қызмет машиналарының автобус желісімен қозғалуы туралы мәселе көтерілді. Тұрғындарды лифтілерден эвакуациялауды жылдамдату мақсатында регламенттік мерзімді азайту тапсырылды.

Отырыста КПТҮ қасбеттерінің ахуалына қатысты шағымдар мен өтініштерге айрықша көңіл бөлінді.  Жыл басынан бері iKOMEK109 орталығына 21 тамыздағы дерек бойынша 595 өтініш келіп түсті, оның ішінде 410 өтінім қаптау тақтайларының құлауына, салбырауына және сыртқы қабығын қалпына келтіруге байланысты болды.

Әкімнің орынбасары қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына, аудандық әкімдіктерге қасбеттердің қанағаттанарлықсыз күйі бойынша шағымдарды қысқамерзім ішінде шешу үшін нақты тапсырмалар берді.

Осылайша, Сарыарқа даңғылы, 43 ("Гранд жил сервис" ЖШС), Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы, 25/1 үй ("Тұрмыс" ЖШС) мекенжайлары бойынша қасбеттердің нашар күйде екені анықталды.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу