"Астананың" "Қайраттан" ұтылып қалғанына Димаш Құдайбергеннің қатысы жоқ

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2930

Өз алаңындағы ойынын Ертіс жағасында өткізуге мәжбүр болған "Астана" басты бәсекелесінен ұтылып қалды.  

"Астананың" "Қайраттан" ұтылып қалғанына Димаш Құдайбергеннің қатысы жоқ

Соңғы төрт жылда "Астана" тасқамал қорғанысымен ерекшеленіп, ел чемпионатында голды ең аз жіберген команда болып жүрді. Осы орайда статистикалық деректерге жүгінер болсақ, 2017 жылы, яғни бір маусымдағы 33 ойында өз қақпасына небәрі 21 гол жіберіп алған болатын. Былтыр қақпа торын 22 доп қармады. Ал биыл ше?

Елорда клубы дәл қазір биылғы маусымдағы ойындарының жартысынан көбін өткізіп қойған. Дәлірек айтқанда, 18 матч өткізіп, осы ойындарда өз қақпасына 17 гол жіберіп алды. Жылдағыдай емес, биыл топсасы берік қорғанысынан айырылып қалғандай. Тәжірибелі қақпашысы Ненад Эричтің де, мақтаулы орталық қорғаушыларының да жаза басатын сәттері жиілеп кетті.

Кеше "Астана" "Қайратпен" додаға түсіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды. Бірақ бұл ойын елордада емес, Павлодарда өтті. Себебі осыдан бір күн бұрын "Астана-Арена" стадионында Димаш Құдайбергеннің жеке концерті болған. Осыған орай, сәулетті стадион футболшылар үшін бірнеше күнге жабылып, ел чемпионы амалсыз Ертіс жағалауына кетті.

"Астана" мен "Қайрат" арасындағы ойын бір сағаттан астам тартысты өтті. Екі команда бір-бірінен айласын асыра алмай, қара терге түсті. Мұндайда матч тағдырына болмашы қателіктің әсер ететіні бар емес пе? Бірінші болып елордалықтардың қақпашысы мен орталық қорғаушылары қателесті.

Бауыржан Исламхан допты ойынға бұрыштан қосқанда, "Астананың" тәжірибелі қақпашысы мен орталық қорғаушылары әуелеп келген допқа таласа ұмтылып, бір-біріне бөгет жасады да, Раде Дугаличтің басымен қақпаны нысанаға алуына мүмкіндік беріп қойды. Гол! "Қайрат" футболшыларының қуаныштарында шек болмады.

Осы голдан кейін "Астана" тайлы-таяғымен алға қарай лап қойып, тағы да жаза басты. Шабуылда доптан айырылып қалып, қорғаныста асып-сасып, бір жарым минуттай уақыттың ішінде өз қақпаларынан екінші рет доп қармады. Бұл голды Айбол Әбікен соғып, ел чемпионын сең соққандай күйге түсірді. Бұдан кейін екі команда да мейілінше сақ болуға тырысты.

Сөйтіп, "Астана" екінші орынға ығысты. Оның үстіне, премьер-лигадағы командалардың көбісімен салыстырғанда, екі ойын артық өткізген. Яғни жоғалтқан ұпайларының есебі бойынша әлі де төмен сырғуы әбден мүмкін. Ал "Тобыл" Талдықорғанда "Жетісуды" сан соқтырып көш бастады. Әрі басты бәсекелестерінен біршама ұзап та кетті.

Бұл турда "Ордабасы" клубы да таң қалдырды. Өз алаңында "Қайсардан" ұтылып қалып, қапыда сүрінді. Қызылордалықтар екінші голды матчтың негізгі уақытына қосылған жетінші минутта соғып, алаң иелерін тақырға отырғызып кетті. Осылай, маңызды үш ойында қонақтар жеңіске жетіп, көш басындағы командалар орын ауыстырды.

Қалған үш ойында алаң иелері жеңіске жетті. "Оқжетпес" Көкшеде "Атырауды" ойсырата жеңсе, "Шахтер" Қарағандыда "Таразды" жалқы доппен тізе бүктірді. Ал "Ақтөбе" өз алаңында "Ертістен" ұтылып жатып, жеңіске деген жігерліктерінің арқасында екі гол соғып, үш ұпай олжалады. Сөйтіп, көш соңындағы командалар өз орындарында қалды.

"Астана" – "Қайрат" – 0:2

Голдар: Дугалич, 68. Әбікен, 70.

"Жетісу" – "Тобыл" – 0:1

Гол: Кассай, 32

"Ордабасы" – "Қайсар" – 1:2

Голдар: Мбомбо, 37 (0:1). Жаңғылышбай, 40 (1:1). Махан, 90+7 (1:2)

"Оқжетпес" – "Атырау" – 3:0

Голдар: Нөсербаев, 45+2-пенальтиден. Алмейда, 62. Жұмаханов, 86.

"Шахтер" – "Тараз" – 1:0

Гол: Өміртаев, 15.

"Ақтөбе" – "Ертіс" – 2:1

Голдар: Мульдинов, 10 (0:1). Кәкімов, 68 (1:1). Волков, 83 (2:1).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу