"Астананың" көшбасшысы "Тур де Франста" ауыр жарақат алды

786

Елордалық велокоманданың "Тур де Франста" алты шабандозы ғана қалды.

"Астананың" көшбасшысы "Тур де Франста" ауыр жарақат алды

Astana Qazaqstan Team командасының көшбасшысы, британиялық шабандоз Марк Кавендиш "Тур де Франс" жарысын аяқтады. Кавендиш жарыстың сегізінші кезеңінде қақтығысқа тап болды.

"Марк Кавендиш "Тур де Франстың" сегізінші кезеңі аяқталуға 60 шақырым қалғанда шабандоздар қақтығысына тап болып, турнирді аяқтауға мәжбүр болды. Ол жарыс жолынан жедел жәрдем көлігімен кетті" , - деп жазады команданың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ шабандоздың қандай жарақат алғаны белгілі болды.

"Марк Кавендиштің оң жақ бұғана сүйегі сынды. Сонымен қатар, сынық салдарынан акромиоклавикулярлық буындағы остеосинтез бұранда (ол 2017 жылғы Тур де Франс жарысындағы апаттан кейін қойылған) босап қалды", - деп хабарлайды команданың баспасөз қызметі.

Осыдан бір күн бұрын "Тур де Франс" көпкүндігінің жетінші кезеңінің қорытындысы бойынша Марк Кавендиш 2-орынға ие болған болатын. Пелотон жазық аймақта 169,9 шақырымды жүріп өтті. Alpecin-Deceuninck командасынан мәре сызығын бірінші болып Йеспер Филипсен кесті. Екінші болып "Астананың" британиялық шабандозы Марк Кавендиш келді. Intermarché-Circus-Wanty командасының өкілі Биням Гирмаи үздік үштік қатарын толықтырды.

Марк Кавендиштен бөлек "Астананың" тағы бір шабандозы 4-кезеңде жарақат алып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Луис Леон Санчес те шабандоздар қақтығысына тап болып, оның сол жақ мықын сүйегі сынды. Осылайша "Үлкен Күрмеуде" "Астана" клубының алты шабандозы – қазақстандықтар Алексей Луценко мен Евгений Федоров, италиялық Джанни Москон, испаниялық - Давид Де Ла Круз, голландиялық Кейс Бол, колумбиялық Харольд Техада жарысты одан әрі жалғастырады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу