1 тамызда өтетін Дженнифер Лопестің концерті қазынаны қаржыға толтырады деп күтілуде. Алайда мұның футболда мәселе туындатып жатқан жайы бар.
"Астана" Конференция лигасын екінші іріктеу кезеңінен 24 шілде күні бастайды. Қарымта ойын 31 шілдеде өтеді.
Осылайша, "Астананың" алғашқы еурокубоктік матчы үшін басқа стадион іздеуге тура келеді. Бұл туралы "Астана" командасының бас бапкері Григорий Бабаян айтты.
"Біз Конференция лигасында алаңсыз қалдық. Себебі 24 және 31 шілдеде ойындарымыз бар. Сіздер білесіздер, мұндай ауқымды концерт болғанда дайындық кемінде 20 күнге созылады. LED-экрандар, акустика – бәрі өте күрделі. "МУЗ-ТВ" жүлдесін еске түсірсек, оған дайындық үш аптаға созылған болатын. Бұл жолы да шамамен сондай. Сондықтан, шілденің ортасында стадион жабылып, кем дегенде 6-7 тамызда ашылады деп ойлаймын. Бұл Қазақстан чемпионаты аясында өз алаңымызда екі немесе үш матчты, ең бастысы Конференция лигасындағы бір ойынды өткізе алмаймыз деген сөз. Қазір не істейтінімізді, қалай дайындалатынымызды білмей отырмыз. Бұл, әрине, үлкен мәселе", – дейді бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, әйгілі америкалық әнші, актриса, биші, продюсер және бизнесвумен Дженнифер Лопес Up All Night атты әлемдік туры аясында 17 қалада өнер көрсетпек.
Әншінің Instagram-дағы ресми парақшасындағы мәліметке сәйкес, 1 тамызда ол елордадағы "Астана Аренада" сахнаға шығады.