Астананың тәжірибесі ел көлемінде қолданылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2892

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағытындағы елорда тәжірибесі республиканы қамтиды. 

 Астананың тәжірибесі ел көлемінде қолданылады Фото: atameken.kz

"Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік – мемлекет басымдық беріп отырған бағыттың бірі. Алайда осы уақытқа дейін бұл саланың дамуына түрткі болып, қозғау саларлықтай қарышты қадам жасалған жоқ. Сол себепті Астанада мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағытында жұмыс жүргізуді ұйғарып отырмыз", – деді "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен және елорданың бизнес-қауымдастығымен болған кездесуде.

Палатаның төралқа төрағасының айтуынша, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары барлық салада жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық салалары қамтылатын болады.

"Біз мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағыты бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан жобаларға сараптама жасадық. Жобалардың дені мектепке дейінгі мекемелерге қатысты екен. Ал біздің мақсат – мемлекеттік және коммуналдық меншік сақталып отырған саланың барлығын қамту", – деді Тимур Құлыбаев.

"Атамекен" КҰП-тың төралқа төрағасы типтік келісімшарт жасауды ұсынып, кейін оны тұтас республикаға үлгі ретінде қолдануға болатынын айтты.

"Типтік келісімшарттардың талабын талқылауға қаржы институттарын, екінші деңгейлі банктерді шақырмақпыз. Себебі құжат қатысушылардың барлығына тиімді болуы шарт. Бірінші кезекте мемлекеттік және коммуналдық меншіктегі нысандарды мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы басқаруға беретін мемлекеттің мүддесі ескерілуге тиіс. Одан кейін кәсіпкерлер мен нақты жобалар бойынша қызмет көрсететін банктердің мүддесі назарға алынуы керек", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның сөзінше, жыл сайын бекітілетін келісімшарттар бизнестің мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларына қатысуын жүзеге асыруға қауқарлы емес. Сондықтан жаңа норма қарастырылмақ. Онда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларына қатысты келісімшарттар үш және одан да көп жылдарға бекітілмек.

"Әрине жобаларға жұмсалатын шығын тұрғысынан мемлекет пен бизнестің мүддесі екі түрлі болатыны анық. Алайда қос тарап ортақ келісімге келді. Осылайша заңнамаға тиісті өзгеріс енгізілді. Заңнамадағы норма келісімшартты бекітуші тараптарға тиімді болмақ. Біз кәсіпкерлерге де, мемлекеттік органдарға да көмектессек дейміз. Қазір мемлекеттік органдар бұл бағыттағы жауапкершілікті арқалағысы келмейді. Себебі бұл салада тәжірибе аз. Сондықтан қорқыныш та жоқ емес. Осыны ескере отырып, барлық тарапқа тиімді келісімшарт үлгісін жасаймыз. Мұның бәрін Астана қаласында жүзеге асырмақ ниеттеміз", – деді "Атамекен" КҰП-тың төралқа төрағасы.

Сондай-ақ Тимур Құлыбаев мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағытындағы жұмысты тиімді ету үшін мамандарды қайта оқыту бағдарламасы әзірленетінін мәлімдеді. Ол үшін Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының бірі таңдалып, арнайы бағдарлама әзірленбек. Мұндағы мақсат – мемлекеттік мекеме саналатын кәсіпорындардың еңбек ұжымын жаңа жүйеге тарту. Яғни қандай бағытта қалай жұмыс істеу керектігін үйрету.

"Кәсіпорындар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы басқаруға өткен соң, олардың қызмет көрсету сапасы құлдырамауы керек. Егер кәсіпорындардың қызмет көрсету сапасы артып, мемлекеттік шығындар азаятын болса, онда бұл қадам, яғни мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бизнеске де, мемлекетке де тиімді болмақ. Әрине теориялық тұрғыдан алсақ, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шығынды көбейтуі мүмкін. Ал біз мұндай жобаларды тиімді етсек дейміз. Яғни мемлекеттік шығындар азаюға тиіс. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасы да жаңа деңгейге көтерілуі қажет", – деді Тимур Құлыбаев.

Бұл ретте "Атамекен" КҰП-тың төралқа төрағасы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағытында қолға алынатын жобалар Астана қаласы әкімдігінің және елордалық бизнес-қауымдастықтың қолдауымен сәтті жүзеге асырылатынына сенім білдірді. Бас қаладан бастау алған тәжірибе 2019 жылдан бастап өңірлерде қолданылатын болады.

"Өңірлерде кездесулер өткізіп жүрміз. Алайда мұндай кездесулерді Астанада жиі ұйымдастыратын мүмкіндік мол. Бүгінде елорданың бизнес-климаты өзге өңірлерге үлгі болып отыр. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша да Астана көш бастап тұр. Сондықтан біз Астананың базасында жинақталып жатқан тәжірибені ел көлемінде қолдануды ұсынамыз", – деді Тимур Құлыбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу