Биыл Астанадағы жылу тарифі өзгермейді. Бұл туралы "Астанаэнергосервис" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Михаил Косачев мәлім етті. Оның сөзінше, дәл қазір энергетикалық кешендердің қысқы маусымға дайындығы 98%-ды құрап отыр.
"№1 және №2 жылу-электр орталықтарындағы дайындық жұмыстары аяқталуға таяу. Мұның бәрі қазан айының соңына дейін тәмамдалатын жоспарлы шаралар. Жоспарға сәйкес, әлеуметтік нысандарға жылу беру жұмыстары жүргізілуде. Егер тұрғындар үйлердің жылу жүйесіне мерзімінен бұрын қосылуын қаласа, бұл қиын шаруа емес. Ол үшін пәтер иелері кооперативі бізге өтініш беруі керек. Негізі Астана қаласының әкімдігі тұрғын үйлерді қыркүйек айының соңында қосуды ұсынған еді. Бірақ ауа райы қолайлы болды да, жылу маусымын бастау кейінге шегерілді. Жылу тарифтері сол күйі қалады. Өзгермейді", – деді Михаил Косачев Астана қаласының әкімдігінде өткен брифингте.
2018 жылдың 2 қазанындағы дерекке сүйенсек, жылу желілерінің дайындығы – 90%-ды, электр желілерінің дайындағы – 99,1%-ды, ал су желілерінің дайындығы 94%-ды құрап отыр. Сондай-ақ жылу-электр орталықтарының қорында 332,6 мың тонна көмір, 5,8 мың тонна мазут бар. Қор 20 тәулікке жеткілікті.
Тұрғын үй қорының 98%-ы қысқы маусымға сақадай сай. Яғни 2 380 үй дайын тұр. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет нысандары да жаңа маусымға толықтай әзір. Бүгінде 127 әлеуметтік-мәдени нысанға жылу берілген.
"Жеке секторда тұратын астаналықтарды көмірмен қамту қашанда өзекті. Сондықтан әкімдік тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. "i-Көмек 109" қызметінің базасында тұрғындар үшін тікелей желі іске қосылған. Бұдан бөлек, көмір өткізушілермен бағаны қымбаттатпау жөнінде меморандум бекітілді", – дейді Астана қалалық жылу-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов.
2-3 қазан күндері Астанаға 28 вагон немесе 1 942 тонна көмір жеткізілген. 3 қазандағы дерекке сәйкес, елорда қоймаларындағы көмір қоры 11 мың 168,5 тоннаға тең.
Басқарма өкілінің сөзінше, әзірше көмір бағасы тұрақты. Қазір Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 13 500-14 500 теңгеден, Майкөбе – 12 500, Қаражыра – 14 000, Богатырь-Көмір 9 500 теңгеден сатылуда.
Еске сала кетейік, ережеге сәйкес, Астана қаласында жылыту маусымы сыртқы ауа температурасы +10 градусты құрап, бұл температура бес тәулік бойы сақталғанда немесе төмендегенде ғана басталады.
Әкімдік қыста қала көшелерін тазарту жұмыстарына да дайындықты пысықтауда. "Астана тазалық" ЖШС директорының орынбасары Марат Сүлейменовтің сөзінше, қала көшелерін тазалаудың 14 бағдары құрылған.
"Техникаларға маусымдық техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілді. Қысқы арнайы қондырғылар орнатылды. Көктайғаққа байланысты 28 мың текше метр құм-тұз қоспасын және 100 тонна реагент әзірленді. Көшелерді қолмен жинауға арналған қысқы құрал-жабдықтар мен жұмысшыларға қысқы арнайы киім сатып алынды", – деді Марат Сүлейменов.
Серіктестік өкілінің айтуынша, биылғы маусымда қар тазалауға 330 жұмысшы мен 470 техника жұмылдырылатын болады.
"Хабардар ету, ақпарат жинау және өңдеу үшін жедел байланыс диспетчерлік пункті қызмет етеді. Бұдан бөлек GPS навигациялық бақылау құралының көмегімен техника жұмысын қадағалайтын бөлім жұмыс істейді", – деді Марат Сүлейменов.
Фархат Әміренов